Нұрсұлтан Назарбаев КИМЭП университеті басшысымен кездесті

Мемлекет басшысы «КИМЭП университеті» акционерлік қоғамының президенті Чан Йан Бэнгті қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа КИМЭП университетінің (бұрынғы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты) қазіргі жұмысы және осы оқу орнын дамыту жоспарының іске асырылуы жөнінде мәлімет берілді.

Президент қазіргі заман экономикасының талаптарына сай білікті мамандар дайындау ісіндегі университет жұмысының тиімділігін атап өтті.

Университет 1992 жылы құрылған. Осы жылдар ішінде 12 мыңға жуық студент оқуын бітіріп шықты. Бүгінде мұнда әлемнің әртүрлі елінен келген оқытушы-профессорлар құрамы еңбек етеді. 29 білім бағдарламасы бойынша 2109 студент ақылы негізде оқып жатыр, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Чан Йан Бэнг университет түлектерінің 93%-ы оқу бітірген соң 6 айдың ішінде жұмысқа орналасатынын және биыл оқу орны Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің тұжырымы бойынша ғылым және білім саласын дамыту ісінде үздік деп танылғанын айтты.