Алматы облысында тұтынушыларға компенсациялау тарифі түсіндірілді

2018 жылдың 1 қазанынан бастап Алматы облысында компенсациялық тарифтер енгізіліп, Талдықорған мен Қапшағайда жылу үшін алынатын төлемақы 15%-дан 77%-ға дейін төмендеген еді. Бұған қатысты халықты мазалаған сұрақтарға жауап беру үшін облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті Талдықорғанда қоғамдық қабылдау өткізді. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оған жылу, жарық, су және басқа да монополиялар бойынша қызмет көрсету субъектілерімен бірге қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер палатасы өкілдері арнайы шақырылды.

Алматы облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Руслан Кенжебековтің айтуынша, мұндай іс-шаралар халықпен берік қарым-қатынас орнатуға және көкейкесті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.

Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін елімізде коммуналдық тарифтерді төмендету туралы бірқатар бұйрық шығарылған еді. Осы заң төңірегінде біздің мекеме белсенді жұмыс атқарып келеді. Бүгін өткізіліп отырған іс-шара да тұрғындардың мәселелерін шешуге және ашық тарифтік жүйені қалыптастыруға өз ықпалын тигізеді деп ойлаймын, — деді ол.

Мұндай қоғамдық қабылдаулар бір реттік емес, алдағы уақытта да жүргізіледі.

Еске сала кетейік, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің мәліметінше, соңғы үш жылда инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметаларды орындауға қатысты коммуналдық мекемелердің есептерін қараудың нәтижесінде Алматы облысы бойынша 3,8 миллиард теңгеден астам сома көлемінде компенсациялау тарифі енгізілді.