Талдықорғанда жылумен қамту қызметіне компенсациялау тарифі енгізілді

Талдықорғанда жыл басынан бері жылумен қамту қызметіне екі мәрте компенсациялау тарифі енгізіліп, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бері тариф 5 989,28 теңге/Гкал-ға дейін, ал 1 қазаннан бастап 5 298,66 теңге/Гкал-ға дейін төмендеген.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы 1 қазаннан Қапшағайдағы тұтынушылар үшін де жылумен қамту қызметінің тарифі 1200,84 теңге/Гкал-ға дейін төмендетілді.

Сонымен қатар Бас прокуратураның тапсырмасын орындау мақсатында прокуратураның, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің жергілікті департаменті және тағы басқа мемлекеттік органдар мамандарынан жұмыс тобы құрылды. Олар коммуналдық шаруашылық мекемелерінің жұмысындағы табиғи монополиялар туралы заңнамалардың сақталуына қатысты тексеру жүргізді.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің мәліметінше, соңғы үш жылда инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметаларды орындауға қатысты коммуналдық мекемелердің есептерін қараудың нәтижесінде Алматы облысы бойынша 3,8 миллиард теңгеден астам сомада компенсациялау тарифі енгізілді.

Коммуналдық қызметтер тарифінің негізсіз өсуіне жол бермеу шаралары әкімдік пен Комитет тарапынан тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта жылумен қамтитын кәсіпорындарда тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылуына жүйелі мониторинг жасалады.

Еске салайық, 7 қараша күні Ақордада Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп, электр және жылу энергиясының қазіргі тарифтерінің түзілуіне, энергетикалық қызмет көрсету нарығындағы бағаның белгіленуіне бақылау жасайтын мемлекеттік органдардың жұмысын реттеу мәселесі талқыланған еді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы салада бағаға қатысты ымыраластыққа және сыбайлас жемқорлыққа жол берген өкілетті мемлекеттік органдарды тексеруді тапсырды.