Қазақстандықтар биылғы бірінші жартыжылдықта компьютер, жеке бұйымдар, тұрмыс техникасын жөндеу қызметтеріне 17,7 миллиард теңге төлеген, бұл былтырғы жартыжылдықпен салыстырғанда 25%-ға жоғары. Бұл туралы Еnergyprom.kz зерттеуінде айтылады.
Мұндай қызмет көрсету саласы бойынша ең жоғарғы өсім Атырау облысында байқалды — 2017 жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда 2,6 есе көп. Бұл салада қызмет көлемінің өсуі жөнінен Атырау өңірінен кейінгі орындарда Астана (былтырмен салыстырғанда 79%-ға жоғары) мен Ақмола облысы (56,5%) тұр.
Жөндеу қызметтеріне Алматы тұрғындары республика бойынша көп қаржы жұмсаған — 8,4 миллиард теңге, бұл былтырмен салыстырғанда 19,2%-ға жоғары. Республика бойынша компьютер, жеке бұйымдар мен тұрмыс техникасын жөндеуге жұмсалған қаражаттың 47,6%-ы алматылықтарға тиесілі. Астаналықтар 2,8 миллиард теңге жұмсаған, бұл — республика бойынша жұмсалған қаражаттың 15,8%-ы. Қарағанды тұрғындары жөндеу қызметтеріне 1,2 миллиард теңге шығындаған (республика бойынша жұмсалған шығынның 6,5%-ы).
Қазақстандықтар көбіне мына бұйымдарды көп жөндетеді:
- Компьютер және периферия жабдықтары (тышқан, тачпад, экран, микрофон, сканер, тағы басқа). Биылғы жартыжылдықта мұндай заттарды жөндеуге 9,4 миллиард теңге жұмсалған, былтырмен салыстырғанда жұмсалған қаражат көлемі 32,2%-ға көп.
- Тұрмыс электроникасы. Жұмсалған қаражат көлемі — 2,5 миллиард теңге, былтырмен салыстырғанда 5%-ға ғана аз.
- Тігін бұйымдары, баскиім, текстиль галантереясы. Биыл қазақстандықтар мұндай қызметтерге 1,7 миллиард теңге — былтырмен салыстырғанда 40,7%-ға көп қаражат жұмсаған.
Қыркүйек айының қорытындысына қарағанда тұрмыс техникасы арасынан тоңазытқыш жөндеу қызметінің бағасы 5,7%-ға жоғарылаған. Кіржуғыш машинаны жөндеу 5,2%-ға, теледидардың ақауын тексеру 3,6%-ға қымбаттады. Қабырға және үстел сағаттарының қуат көзін ауыстыру құны 2,3%-ға жоғарылады. Былтырмен салыстырғанда ерлер аяқкиімін жөндеу шеберлерінің жұмысы 6,7%-ға, әйелдер аяқкиімін жөндеу 5,3%-ға қымбаттап отыр.