Үйіңізде ескірген газет-журнал, кітап, картон-қағаз, пластик бөтелке, бұзылған техника мен батарейкалар жиналып қалса, оны қоқысқа тастауға асықпаңыз. Бұл қалдық түрлерін арнайы қабылдау бөлімшелеріне апарып, ақшаға айырбастауыңызға болады. Ол пункттерді интернеттен табу қиын емес.

Мобильдік қосымшалар

EcoСity және Tazalyk — Қазақстандағы пайдалы әрі ыңғайлы мобильдік қосымшалар. Google Play мен AppStore-дан тегін жүктеп алуға болады.

Макулатураны, тетрапакетті, шыны және пластик бөтелкелерді, техника мен электрониканы қабылдайтын бөлімшелер қосымшадағы картада көрсетілген. EcoCity мен Tazalyk-та әр бөлімшенің орналасқан жері, жұмыс кестесі, телефон нөмірі мен бір келі макулатура үшін берілетін ақы мөлшері де бар.

Бұл қосымшалар арқылы қалдықтарды тапсырып, ақша алып қана қоймай, өз статистикаңызды көре аласыз. Қанша ағашты сақтап қалғаныңызды, қанша энергия үнемдеп, қайта өңдеуге қанша үлес қосқаныңызды бақылауға мүмкіндік бар. Мобильдік қосымшаларды Алматыдан басқа да қалаларда пайдалануға болады.

Қазір макулатураны қажет ететін Kagazy Recycling, «Интер мульти сервис» сияқты компаниялар мен қайта өңдеу ұйымдары көп. Олардың әрқайсысының макулатураны қабылдау орындары да әртүрлі.

Ecocity
Ecocity қосымшасы

Қалдықтарды үйіңізден әкететін қызмет те бар

Tazalyk қосымшасының авторлары жаңа қызмет түрін енгізді. Енді олар жүк машинасымен Алматыдан түскен өтінімдер бойынша аптасына бір рет қалдық жинауды жоспарлап отыр. ТҚҚ-ны апарып тапсыратын уақытыңыз болмаса, бұл қызмет түрі сізге арналған. Әзірше өтінімді Instagram-да @mytazalyk аккауынтына жіберсеңіз болады.

Tazalyk қосымшасы
Tazalyk қосымшасы

«ПромТехноРесурс» сайтында да қалдықтарды әкету қызметі бар. Бұл компания тұрмыстық және компьютерлік техника, телефон, аккумулятор, батарейка, электр лампасы, шина сияқты қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады.

Егер мұндай қалдықтарды компанияға өзіңіз жеткізсеңіз, сізге әр келі үшін белгілі бір сомада ақша беріледі. Ал компанияның үйіңізден алып кету қызметін шақырсаңыз, бәрі тегін болады.

Сонымен қатар интернетте Satu.kz немесе OLX сияқты алып-сату сайттарындағы түрлі жарнама бойынша хабарласып, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге жөнелтуге болады.

Қоқысқа тастауға болмайтын қалдықтар үшін арнайы контейнерлер қойылып жатыр

«ПромТехноРесурстың» ұйымдастыруымен Қазақстанның түрлі қаласында мектептер жанына техника мен электрониканы тастайтын контейнерлер қойылды.

Tazalyk қосымшасын жасаушылар да алматылық балабақшалар мен мектептерде, түрлі компанияда тұрмыстық қалдықтарды бөлек тастау үшін экоконтейнерлер орнатқан.

Rescona.kz-тің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда тұрмыстық қалдықтардың 2%-ы ғана қайта өңделеді. Ал қоқыс полигондары мен апатты үйінділер топырақ, су, ауаны ластайды. Елімізде мұндай қоқыс полигондарының саны 4000-нан асады. Бірақ олардың 10%-ы ғана норматив талаптарына сай.