Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебін биыл 263 түлек бітіріп, жаңа оқу жылына 240 оқушы қабылданған. Мектеп алғашында орыс тілі мен алғашқы әскери дайындық пәндерін тереңдетіп оқытатын оқу орны ретінде 1983 жылы ашылды. Қазақ КСР Министрлер кабинетінің 1991 жылғы 26 наурыздағы 189-қаулысына сәйкес «Алматы республикалық әскери мектебіне» Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы атағы берілді. 2015 жылдың 26 қыркүйегінде әскери-интернат Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас ұлан» мектебі болып өзгертілді. Осы жылы мектептің барлық ғимараты мен аумағына күрделі жөндеу жүргізілген. Мектеп физика, математика, дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық сабақтарын тереңдетіп оқытады. Алматыдан бөлек, «Жас ұлан» мектебі Астанада, Қарағандыда және Шымкентте бар.

Диас Бейсен — биыл оқуға түскен 240 тәрбиеленушінің бірі. Оқу жылы басталғалы екі ай өтті. Ол алғашында әскери тәртіпке, ұланның өміріне үйренісу оңай болмағанын айтты.

Диас Бейсен
Диас Бейсен. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Диас Бейсен: Махамбет өлеңдерін оқығанды ұнатамын

Туыстарымның арасында әскери мамандықты таңдағандар көп. Оларды көре қалсам, формаларына, жүріс-тұрысына қызығатын едім. Ата-анаммен ақылдаса келе 9-сыныпты аяқтап, шілдеде құжаттарды тапсыра бастадым. Төрт кезеңнің бәрінен жақсы нәтиже көрсетіп, оқу орнына қабылдандым. Мен сол кезде қатты қуандым, бұл жерге оқуға түскенімнің өзі мен үшін үлкен жетістік болды. Өзім Тараздан келдім, қазір 10 «ж» сыныбында оқимын. Келгелі әртүрлі әскери жарғыны, сапқа тұруды, бұйрықтарды орындауды үйрендік. Жай мектептердегі физика, математика, дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық сабақтары «Жас ұлан» мектебінде тереңдетіп оқытылады. Бұл сабақтарға ұландардың да зейіні жоғары. Барлығымыз еліміздің түкпір-түкпірінен әскер жолын таңдап келдік. Әрине, бұл жер бұрын оқыған мектебіміз сияқты емес. Әскери мектептің тәртібіне екі айдың ішінде дағдыланып кеттік. Тіпті, бойымыздағы Отанға деген сүйіспеншілік артып, ер азамат ретінде туған жерімізді қорғауға құлшыныс пайда болды.

Алғашында барлық балада үйіне деген сағыныш болған шығар. Бұрынғыдай анамыз ұйқыдан еркелетіп оятпайды, сабақ біткен соң үйде тәтті тамағын дайындап, күтіп отырмайды. Оның орнына қазір барлығын тек бұйрық бойынша орындаймыз. Тек сенбі-жексенбі күндері қалаға шығып, туыстарымызға барып қайтуға рұқсат беріледі. Смартфон ұстамауды да үйрендік, тіпті, оны ойлауға шамамыз болмай жатады. Маған физика, математика сабақтары ұнайды. Әртүрлі формуламен жұмыс істеген, оларды түрлендірген өте қызық. Есеп шығару адамның миын қозғап, жұмыс істетеді. Мен бұл пәндерді гуманитарлық бағыттан жоғары қоямын.

Диас Бейсен
Диас Бейсен. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сабақтан тыс уақытта қоян-қолтық ұрыс ойынына қатысып жүрмін. Мерекелерде арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырамыз. «Жас ұлан» мектебінде көңілді әрі тапқырлар ойынын ұйымдастыру жақсы дамыған. Сонымен бірге поэзия оқимын, Махамбеттің өлеңдерін оқығанды ұнатамын.

Болашақта әскери қызметте аталған төрт сабақтан үйренгеніміз бізге үлкен көмек болады. Жоғары оқу орнына түсерде әскери мектепті бітіргеніміз үшін бізге бонус беріледі, жай мектепті бітірген талапкерден екі жыл бойы әскери тәртіпке үйренген біз жоғары тұрамыз. Ұрыс кезінде әскерлер тактика бойынша шешім шығарады, ал тактика физика мен математикадан тұрады. Ендігі басты мақсат — осы мектепті үздік аяқтап, әскери жолды жалғастыру. Мектепті бітірген соң Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтына құжат тапсырғым келеді. Арманым — ұшқыш болу. Өзім қалаған оқу орнына түсіп, білікті маман болып, ата-анамның және Отанымның алдындағы борышымды өтегім келеді.

Диас Бейсен жаугершілік заман поэзиясын ұнатса, оқуға одан бір жыл бұрын түскен Рамазан Әбікен әскери прозаны сүйіп оқиды. Диас келешекте әуе қорғанысы саласында қызмет еткісі келсе, Рамазан құрлық әскерін таңдап отыр.

Рамазан Әбікен
Рамазан Әбікен. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Рамазан Әбікен: Бос уақытымды кітапханада өткіземін

Мен «Жас ұлан» мектебіне Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Көктерек ауылынан келдім. Әскери салаға қызығуыма әкем ықпал етті. Әкемнің бағыттауымен білімімді әскери мектепте жалғастырып жүрмін. Арманым — генерал болу. Осы арман жолында «Жас ұлан» мектебіне 2017 жылы тапсырдым. Қазір Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жатырмын. Таңдау пәнім — физика мен математика. ҰБТ-дан жоғары балл жинап, Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына құжат тапсырмақпын.

Біздің мектепке тек физика мен математикадан жақсы, спортқа жақын балалар түспейді. Ұландардың арасында гитарамен ән айтатын, поэзия оқитын, көңілді әрі тапқырлар клубында ойнайтын жігіттер көп. Өзім бос уақытымды кітапханада өткіземін, Бауыржан Момышұлының кітаптарын оқимын. Ол кісінің ұрыстағы тактикасы, әскери стратегиясы мен командирлік істері кез келген әскери адамға үлгі деп ойлаймын.

Әскери салаға қызығатын балаларға «Жас ұлан» мектебіне оқуға түсуге кеңес беремін. Мұндағы қатал тәртіп пен сапалы білім кез келген әскери жоғарғы оқу орнына түсуге үлкен жолдама болады. Мен тапсырған жылы мұнда 1000 оқушының ішінен 170-і түсті. Сол 170 тәрбиеленушінің ішінде болғаныма қуанамын.

"Жас ұлан" тәрбиеленушілері
«Жас ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушілері. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әскери режимдегі мектепте 2-ротаның командирі Нұршат Тәңірбергенов тәрбиеленушілерді әр дүйсенбі сағат 06.20-да ұйқыдан оятып, кешке дейін қастарында жүреді. Ұландар төсектен тұра сала таңғы жаттығуға шығады, әрі қарай кесте бойынша:

  • 06.20 Ұйқыдан тұру
  • 06.40 Таңғы жаттығу
  • 07.05 Жуыну, бөлме жинау
  • 07.30 Таңғы тексеріс (Тазалық, киім, жеке құжаты)
  • 07.45 Таңғы ас
  • 08.05 Таңғы ақпараттандыру
  • 08.30 Сабақ
  • 13.45 Сабақтан кейінгі сапқа тұру
  • 14.00 Түскі ас
  • 14.30 Медициналық тексеріс
  • 15.00 Өзіндік дайындық
  • 17.10 Екінші түскі ас
  • 17.30 Өзіндік дайындық
  • 18.40 Спорттық жаттығу
  • 20.00 Кешкі ас
  • 20.20 Жаға тігу
  • 20.30 Телехабарлар көру
  • 21.00 Кешкі серуен
  • 21.40 Кешкі тексеріс
  • 22.00 Ұйықтау

Таңғы ақпараттандыру мен кешке телеарналардан жаңалық көру тәрбиеленушілер үшін маңызды. Болашақ әскерилер мемлекеттік саясат, ұлттық қауіпсіздік, идеология мен қоғамдағы өзекті мәселелер жайында хабардар болып қана қоймай, оларды терең талдай да алуы қажет. «Жас ұлан» оқушылары Елбасының жаңа Жолдауындағы басты міндеттерді күнделікті таңғы жиналыста талқылайды.

Жалпы білім беретін мектептердегі сияқты «Жас ұланда» да төрттоқсандық жүйе бар. Бірақ тәрбиеленушілер тек қысқы және жазғы демалысқа шығады. Олар қыста желтоқсанның 24-інен қаңтардың 24-іне дейін бір ай демалады. Оқу екпінділеріне 30 күнге тағы үш күн, үздік оқитын ұландарға бес күн қосылады. Мұнда соңғы қоңырау 25 мамыр күні соғылмайды, тәрбиеленушілер маусым айында оқу-жаттығу, іс-тәжірибе жұмыстарына жіберіледі.

10-11-сыныптардың бағдарламасын оқытатын әрі әскер тәртібіне үйрететін бұл мектепте тәрбиеленушілер үшін оқу, арнайы форма мен тамақ тегін. Арасында бұйрық бойынша сынып жетекшілерімен бірге кинотеатрға, музейге және басқа да мәдени шараларға барып тұрады. 10 «д» сыныбының жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Нәзира Жұмабекова әскери мектептегі білім мен тәрбие туралы айтып берді.

Нәзира Жұмабекова: Тәртібі мен үлгерімі нашар оқушылар мектептен шығарылады

2015 жылдан бастап мектебіміз Қорғаныс министрлігінің қарамағына енді. Оған дейін Білім және ғылым министрлігіне бағынышты болдық. «Жас ұлан» мектебі Қазақстанның білімге құмар, әскери саланы жақсы көретін ер балаларына арналған.

Назира Жұмабекова
Нәзира Жұмабекова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Мектебіміздің түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде әскери салада қызмет етіп жүр. Солардың ішінде ерекше атап өтетіні — генерал-лейтенант Қайрат Сатыбалды мен генерал-майор Нұржан Мұқанов. «Жас ұлан» мектебінің түлектері Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының атын абыроймен алып жүр. Оған жауынгерлік шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті мен ерен еңбектері үшін жоғары әскери атақ — генерал-майор шенін алуы дәлел. Республикамыздағы төрт «Жас ұлан» мектебінің ішінде Алматыдағы мектеп ҰБТ нәтижесі бойынша көш бастап тұр. Биыл бітірген түлектердің 60%-ы әскери жоғарғы оқу орындарына түсіп, әрі қарай осы бағытта білімін жалғастырып жатыр.

Мектепке қабылдау 4 кезеңнен тұрады. Әуелі баланың психикалық денсаулығын тексеру мақсатында тест болады. Содан соң дене шынықтыру, физика, математика және алғашқы әскери дайындық пәндері бойынша қабілетін анықтаймыз. Соңында медициналық тексерістен өтеді. Оқушы міндетті түрде 9-сыныпты бітірген, жасы 15-ке жетпеген, 17-ден аспаған болуы керек. Мектеп тәртібіне бағынбайтын әрі сабақ үлгерімі нашар оқушылар мектептен шығарылады. Мектептегі үздік оқушыларға Ресей мен Түркиядағы әскери оқу орындарына түсуге мүмкіндік бар. Тәрбиеленушілер ол оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ түсе алады. Ресей мен Түркияға үздік оқитын әрі тәртібі жақсы балаларды мектеп қаңтар айында арнайы алып барады.

Назира Жұмабекова
Нәзира Жұмабекова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Жас ұлан» мектебі цифрлық технологиялармен жабдықталған, ұландардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Мектебімізде информатика кабинеттері, интерактив тақталар бар, оқушылар оны тек сабақ үстінде пайдаланады. Әскери тәртіп бойынша тәрбиеленушілер смартфонды мүлдем қолданбайды, тіпті мұғалімдер де. Кез келген уақытта интернетті ашып, ақпарат іздеуге тыйым салынған. Тәрбиеленушілер мектеп тәртібіне сай емес әрекет істеген болса, сабақтан ең төмен баға алып қалса, сол аптаның сенбі-жексенбісінде сейілдемеге шығуға рұқсат етілмейді.

Мектепте тренажер залы, бассейн, кітапхана және түрлі үйірме бар. Ұландардың сабақтан тыс уақытта шығармашылықпен айналысуына, өздерін жеке тұлға ретінде дамытуына мүмкіндік мол.