ҰБТ мен кешенді тестілеу бірге өтеді

Білім және ғылым вице-министрі Асxат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл ұсынысты қолдайтындар көп. Сол себепті келесі жылы екі тест бірге өткізіледі.

«Министр Үкімет отырысында да осы мәселені көтерді. Себебі ондай ұсыныстар көп. Біздің әріптестеріміздің көбісі ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестті біріктіру керек деп санайды. Сондықтан тисті шешім қабылдануы қажет», — деді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, Үкіметтің өткен аптадағы отырысында министр Ерлан Сағадиев Тамыз конференциясына бірнеше маңызды ұсыныстың шығарылатыны жайында айтқан.

«Бізге педагогтар мен ата-аналардың тарапынан жыл бойы ұсыныстар түсіп жатады. Оның ішінде ҰБТ мен кешенді тестілеу бірдей функцияны атқарған соң, осы екі тестілеуді бірге өткізуге қатысты ұсыныс бар. Екінші, ҰБТ жоғары оқу орнына түсетін емтиxан болғандықтан, оны өткізу шараларынан мектеп мұғалімдерін босату. Үшінші, мектеп балаларын ҰБТ-ға емес, мектеп бағдарламаларын игеруге дайындау қажет болғандықтан, мектептерде сынама, «пробный» тесттерін өткізбеу. Төртінші, мемлекеттік білім гранттарын оқу тіліне — қазақ немесе орыс тілдеріне бөлмей тағайындау және тағы бірнеше ұсыныс бар»,- деді Ерлан Сағадиев.

Осы ұсыныстар да Тамыз конференциясында талқыланды. Нәтижесінде мектеп мұғалімдерін ҰБТ-дан босатады. Сонымен қатар, білім гранттарын оқу тіліне — қазақ немесе орыс тілдеріне бөлмей тағайындау мәселесі әлі де талқыланады.

ДереккөзInform.kz