Нұрсұлтан Назарбаев Юри Ратаспен кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев Эстония Республикасының Премьер-министрі Юри Ратаспен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар екі мемлекеттің цифрландыру және инновациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастығын нығайту перспективаларын талқылады, сонымен қатар сауда-экономика қарым-қатынастарын дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркінің ашылу рәсіміне қатысқаны үшін Эстония Республикасының Премьер-министріне тағы да ризашылық білдіріп, Эстонияның цифрлық технологиялар саласындағы тәжірибесі мол екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы сауда байланыстарын нығайту қажеттігін айтып, экономикалық ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарына тоқталды. Мемлекет басшысы елімізде іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық бағдарламалар мен солардың аясында бой көтеріп келе жатқан нысандар және көлік-транзит әлеуетін арттыру жөніндегі жобалардың нәтижелері туралы айтты.

Мемлекет басшысы қайта өңдеу, аграрлық өнеркәсіп, фармацевтика салаларында және экономиканың басқа да секторларында ынтымақтастықты бір жолға қоюдың маңызды екенін айтты.

Эстония Республикасының Премьер-министрі Юри Ратас қонақжайлық көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, өзінің Астанаға алғашқы сапарынан алған әсерін ортаға салды.

Кеше Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевпен сындарлы келіссөз жүргіздік. Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Астананың инфрақұрылымдық нысандарына қарап, елдеріңіздің қалай дамып келе жатқанын көруге болады, – деді Юри Ратас.

Эстония Республикасының Премьер-министрі цифрландыру және көлік-логистика салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік танытты.