Нұрлан Нығматулин Эстонияның Премьер-министрімен кездесті

Мәжіліс Төрағасы Эстония Қазақстанның Балтық аймағындағы маңызды әріптесі екенін және былтыр екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толғанын айтты.

Тараптар екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың өзекті сұрақтарын талқылады. Біздің еліміз аталған мемлекетпен жан-жақты әрі сындарлы диалогты одан әрі дамытуға ынталы.

Мәжіліс Төрағасы, әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына айрықша тоқталды.

Осы ретте Эстонияның цифрландыру, ақпараттық-коммуникациялық технология саласындағы жетістіктерін сөз еткен Нұрлан Нығматулин осы бағытта жан-жақты, соның ішінде, заңнамалық деңгейде тәжірибе алмасудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлді.

Эстония Премьер–министрі Қазақстанның, соның ішінде, Астананың даму қарқынына таңданыс білдірді. Сонымен бірге екіжақты қатынасты одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екеніне тоқталды.