AVSoftware компаниясы ұсынған “Тарихи жол” мобильдік қосымшасы арқылы тарих тұңғиығына сүңги аласыз. Онда Қазақстанның киелі аймақтары туралы мәліметтер қамтылған. Қосымша қазақ, орыс, ағылшын, қытай, түрік тілдерінде жұмыс істейді. Оны AppStore және Play Maркеттен тегін жүктеп алуға болады. “Тарихи жол” туралы AVSoftware компаниясының даму жөніндегі директоры Арман Есенғожинов айтып берді.

Арман Есенгужинов
Арман Есенғожинов. Фото: Жеке мұрағаттан

Оффлайн режим, AR-технология және сенімді ақпарат

Бұл мобильдік қосымша оффлайн режимде жұмыс істейді. Үлкен артықшылығын осы деп айтсақ болады. Себебі тарихи жерлерде көбіне интернет желісі жоқ. Осы тұрғыда қосымшаны пайдаланушыларға барынша ыңғайластырып жасадық. “Тарихи жол” қосымшасы ішіндегі барлық ақпаратпен бірге телефонға жүктеледі. Әрине, ондағы видео, геолокация интернетсіз істемейді. Бірақ гид немесе текст арқылы берілген негізгі ақпаратты оффлайн режимде көруге мүмкіндік бар.

Шығыс Қазақстан облысының 42, Жамбыл облысынның 20 тарихи нысаны мобильдік қосымшаға енгізілген. Қосымшада олардың әрқайсының тексттік сипаттамасы, фотосуреті, видеосы мен аудиотаныстырылымы бар. Бұл нысандарды картадан көресіз, геолокациясының арқасында ол жаққа маршрут құра аласыз. Жақын арада Алматы облысының 16 объектісі қосылады.

Тарихи жол
Көне Тараз әлемі. Фото: Жеке мұрағаттан

Қосымшаның тағы бір артықшылығы – аудиогид. AR-технологиясымен жасалған аудиогидті пайдалану үшін қосымша арқылы сакрал жерлердегі QR-кодты сканерлеу керек. Содан телефоныңызда шапан киген ақсақал пайда болып, тарихи объект жөнінде баяндап береді. Ал қосымшаның web нұсқасында тарихи аймақты 360 градустық форматта көре аласыз.

Тарихи жол
Қосымшадағы аудиогид. Фото: Арман Есенгужинов

“Тарихи жолды” туристік нұсқаулық ретінде де пайдалануға болады. Онда барлық қонақүй, мейрамхана және туристік объекті енгізілген.

Тарихи жол
Тарихи нысандағы QR-код. Фото: Арман Есенғожинов

Қосымшада мәдениет және туризм жөніндегі мемлекеттік орган ұсынған ақпараттары жинақталған. Мұндағы ақпарат ауыздан ауызға тараған, тексерілмеген не бұрмаланған деректерден аулақ.

Тарихи жол
Тарихи нысандағы QR-код. Фото: Жеке мұрағаттан

“Тарихи жолды” жасау идеясы қайдан келді?

Апта сайын жоспарлы лездеме өткіземіз. Онда күрделі проблемаларды талқылап, шешу жолдарын қарастырамыз. Инновациялық технологияларды тиімді пайдалана отырып жаңа бағдарламалар құрамыз. Бір күні ойымызға “Қазақстандағы туризмді қалай дамытуға болады?” деген сұрақ келді. Елімізде киелі аймақ көп, бірақ олар туралы ақпарат аз, қолжетімді емес екенін аңғарып, “Тарихи жол” идеясының өзекті болатынын түсіндік.

Тарихи жол
Фото: Жеке мұрағаттан

Болашақта синхронды аудармашы сервисі мен электрондық төлем қосылады

“Тарихи жолды” әлі де дамытып, жаңа мүмкіндіктерді жасау жоспарда бар. Олардың бірі –  синхронды аудармашы енгізу. Осының көмегімен адамдар арасында тіл барьері жойылады деп есептеймін. Бұл сервис туристерге де, қазақстандықтарға да тіл табысуға ыңғайлы.

Тарихи нысандарды толықтай цифрландыру тиімді. Егер төлемді QR-код арқылы енгізсек, сокралды жерлерге қанша адам барғанын бақылап, есептей аламыз. Ақша алып жүрмей-ақ қосымшаға банк картасын енгізу арқылы электрондық төлемдер жасауға болатын еді. Бұл ұрлықтың да азаюына септігін тигізеді. Ал шетелдік туристер үшін электрондық төлем екі есе ыңғайлы. Өйткені олар бәрін банк картасы арқылы төлеуге үйреніп қалған. Біз де электрондық төлем енгізсек, тарихи аймақтарға қанша ақша түсіп жатқанын нақты көре аламыз. Сондықтан төлемдерді “Тарихи жол” арқылы енгізу жоспарда бар.

Тарихи жол
Қарахан кесенесі. Фото: Жеке мұрағаттан

“Тарихи жол” не үшін маңызды?

“Тарихи жол” – “Рухани жаңғыру” мен “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасының негізінде құрылған. Әр объект туралы тексерілген ақпаратты жинақтай отырып, электрондық форматқа ауыстыру арқылы екі бағдарламаны тоғыстырдық. Бұл қосымша Қазақстандағы туризмнің дамуына зор үлесін тигізеді деген үміттемін. Себебі оның  мүмкіндіктері киелі аймақтарға келген қонақтардың санын есептеп, талдау жасап қана қоймай, туристердің рухани байлығын арттырып, тарихи маңызды жерлерді таныта түседі.

Қосымшаны жасаудағы басты мақсатымыз да  – еліміздің тарихи маңызы бар жерлері туралы анық деректерді бір ресурсқа жинақтай отырып, инновациялық технологиялар арқылы ата-бабамыздан қалған моральдық құндылыққа толы тарихты сақтап қалу.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!