Елімізде AR- және VR-технологиялардың қолданылу аймағы кеңейіп, пайдаланушылардың саны да артты. 13 қазан күні осындай жобалар мен өнімдер Алматыда өткен New Era атты көрмеде таныстырылды. Біз AR-, VR-өнімдердің еліміздегі ең алғашқы көрмесіндегі үздік инновациялық жобалар туралы әңгімелемекпіз.

1. Orbi Prime

Әлемде 360 градуста түсіретін ең алғашқы көзілдірік — Orbi Prime — инновациялық технологиялардың дами түскенінің дәлелі. Бұл көзілдіріктің қазіргі 360 градустық камералардан ерекшелігі — оның ыңғайлылығында. Камераны бекітетін құрылғылардың немесе оны ұстап жүрудің қажеті жоқ. Көзілдіріктің алдында және артында көз деңгейінде орналасқан төрт камера бейнені сапалы түсіруге арналған. Ал арнайы мобильдік қосымша арқылы түсірілген видеоны бірден телефонан өңдеп, пайдалануға болады.

Orbi Prime компаниясын құрушылардың бірі — қазақстандық Әділ Сұраншин мен петербургтік Александр Морено көрмеде жаңа өнімді таныстырды.

Фото: Itmo.News
Александр Морено және Әділ Сұраншин

Көзілдірікті жасау идеясы көптен бері бар еді. Алайда оны құрастыру үшін қажетті материалдар бұрын болмаған. Сонымен қатар батарея мен видео түсіретін электрониканы шағын өлшемді көзілдірікке сыйғызу да оңай емес. Көзілдірікті жасау үшін енді шыққан алдыңғы технологияны қолдандық, — дейді Александр Морено.

Orbi Prime
Фото: Оrbiprime.com

Көзілдірік экстремал спортпен айналысатындарды, GoPro камерасын қолданушыларды және медиа өкілдерін қызықтырды. Себебі олар үшін алған әсерді бірінші жақтан 360 градуста бөлісу әрі сезіндіру маңызды. Одан бөлек, көзілдірікті иммерсив кинотүсірілімдерде, спорттық ойындар мен құрылыс саласында қолдануға болады. Көзілдірік жады — 128 Гб, ал екі аккумуляторының қуаты 1000 мА/сағат болғандықтан таза түсірілім уақыты — 60 минут.

Қазіргі таңда әлемнің 70 елінен 350 мың долларға 1500 алдын ала тапсырыс берілді. Бұл — бірінші партия. Олардың басым бөлігі АҚШ, ЕО елдері, Жапония, Австралиядан. Жеткізілім келесі айдың басында басталады. Ал нарыққа екінші партиядан бастап шығуды жоспарлап отырмыз. Бірінші партияда алдын ала тапсырыс бойынша көзілдіріктің көтерме бағасы 400, ал бір данасы 500 доллар болды, — дейді Әділ Сұраншин.

2. «Бірлігіміз жарасқан» кітабы

Заманауи технологиялардың дамуына байланысты әр сала ілгері жылжуға тырысады. Қолына сан түрлі гаджетті ұстап өскен қазіргі балаларды кітаппен қызықтыру қиындады. Сондықтан Thousand IT Company-дің бағдарламалаушылары AR-технологиялар арқылы балалардың білімі мен қызығушылығын байланыстырып, заманауи кітап жасады.

"Бірлігіміз жарасқан"
Фото: Baribar.kz

«Бірлігіміз жарасқан» атты жеті беттен тұратын AR-кітапты Google play мен App Srore-дан мобильдік қосымша арқылы пайдалану керек. Кітаптың бірінші бетін ашып, телефонда қосымшаны қосып кітапқа қаратсаңыз ондағы әңгіме мен кейіпкерлері жанданып шыға келеді. Осылайша оқиғаны көріп-ақ кітапты түсініп шығуға болады. Бұл жаңа инновациялық кітаптың сатылымы келесі айда басталады.

3. «Тарихи жол» мобильдік қосымшасы

«Цифрлық Қазақстан» мен «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламалары аясында AVSoftware компаниясы ұсынған мобильдік қосымша арқылы қолданушы тарих тұңғиығына сүңги алады. Қазақстанның киелі аймақтары туралы мәліметтерді қамтитын қосымша қазақ, орыс, ағылшын, қытай, түрік тілінде оффлайн жұмыс істейді.

Инновациялық технологиялар арқылы ата-бабамыздан қалған моральдық құндылыққа толы тарихты сақтап қалу — біздің міндетіміз. «Тарихи жолдың» ерекшелігі — қосымшада еліміздің тарихи маңызы зор жерлеріндегі QR-кодты сканерлеп телефоныңызда жанданып шығатын тарихи тұлға роліндегі анимациялық гидтен ақпарат алуға болады. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан мен Алматы облысының киелі аймақтарының 360 градустағы көрінісін тамашалау мүмкіндігі бар, — деді AVSoftware компаниясының мүшесі Арман Есенғожинов.

Алдағы уақытта мобильдік қосымша жетіліп, басқа да аймақтардағы тарихи жерлермен толықтырылады.

4. Baksha 4D

Бұған дейін Zhanuar 4D картасын ұсынған Sana Academy көрмеде жаңа сериядағы Baksha 4D карталарының презентациясын өткізді. Оның ерекшелігі қораптағы карталардың саны көбейді. Бұл серияда бау-бақша өнімдерінің 28 түрі қамтылған. Сонымен қатар карта коды бұрын бір телефонда пайдаланылса, енді бір кодты екі телефонға енгізуге мүмкіндік бар.

Sana Cards
Фото: Sana Academy

5. Singularity Lab

Singularity Lab интерактив зертханасы Қазақстанның заман талабына сай алға дамуын қолдап интерактивті медиа және AR, VR жобаларды іске асырумен айналысады.

Singularity Lab командасы — трансгуманистік көзқарастың қолдаушылары. Олар технологиялық біртектілік концепциясын ұстанады.

Singularity Lab
Фото: Baribar.kz

Болашақтың бастауы технологияларда. Сондықтан біз елімізде технологиялық жаңалықтардан қалыспай, AR мен VR-ды тек пайдалы бағытта қолдануды, басқаларға инновациялық жобаларды жандандыруды қолға алдық, — дейді Singularity Lab мүшесі Арман Қойшығарин.

Singularity Lab
Фото: Sana Academy

Бүгінге дейін Singularity Lab арихектуралық жұмыстарды, проекцияларды 360 градуста, интерактив түрде жасап, видеода тамашалауға мүмкіндік берді. Олар «ЕмбіМұнайГаз», Yota arena, С.М. Киров атындағы амшина жасау зауыты сияқты компаниялармен жұмыс істеп, инновациялық жобаларды жасады. Бұл технология бизнес, білім беру және ойын-сауық салаларында шектеусіз мүмкіндіктерге жол ашады.

New Era
Фото: Sana Academy

IT сала­сының дамуы дамыған 30 елдің қа­та­рынан көрінуге мүмкіндік береді. Әлем елдерінің көбі өндіріс пен тұрмысты цифрлық жүйеге көшіріп, өнеркәсібінің дамуын, халқының әл-ауқатын жыл­дан-жылға жақсартып келеді. Сондықтан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ла­масының ұлттық экономиканы цифрландыруды мақсат етіп отыр.

Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құры­ла­тын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіс­піз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді бан­кинг, цифрлы қызмет көрсету секіл­ді денсаулық сақтау, білім беру ісін­де қол­данылатын және басқа да перспек­тивалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты, — деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.