Басты бетТанымТоңдырмайтын ас....

Тоңдырмайтын ас. Шыртылдақ әзірлеудің үш тәсілі

Шыртылдақ — жылқының майы мен сарымайдан жасалатын тағам. Қазақ халқы оны қыста жеген. Бүгін осы ұлттық ас пісірудің үш тәсілін баяндаймыз.

Халқымыз қыс кезінде шыртылдаққа нан батырып жеп, шай ішкен. Оны қара шайға салып ішуге де болады. Шыртылдақ адамды тоңдырмайды әрі қарын аштырмайды.

Шыртылдақ, жылқы майы
Фото: Baribar.kz

Тағамның үш түрлі жасалу жолы бар.

Біріншісі: Жылқы майын ірілеп турап, қазанда қайнатады. Май шыжыған кезде үстіне еріген сарымай құяды. Қоспаның бетіне қатқан кілегейді қалқып алады.

Екіншісі: Жылқы майын қайнатып, үстіне қант қосады. Май қоюланған кезде қазанды оттан алады.

Үшіншісі: Жылқы майы мен сарымайды бірге қайнатып, үстіне тары немесе бидай жармасын қосады. Май біркелкі қоспаға айналғанша қайната береді. Шыртылдақтың мұндай түрі жентке ұқсап шығады.

Шыртылдақ
Фото: Baribar.kz
Шыртылдақ
Фото: Baribar.kz

Майдың шыжған кездегі дыбысына қарай тағамның аты «шыртылдақ» деп аталса керек. Шыртылдақ адамның тәбетін ашады, әрі ішке жел қарысқанда пайдалы. Дегенмен оны шамадан тыс жеуге де болмайды, ішті айдауы мүмкін.

***

Тағы оқыңыз:

Қазаққа ғана тән тағам. Тоймайтұғын жегенде қазы деген немене?