Балаларды мектепке қабылдаудың жаңа ережесі бекітілді

ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылдың 12 қазанындағы бұйрығымен бастауыш, негізгі орта және жалпы орта мектептердің жалпы білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім мекемелеріне оқуға қабылдаудың типтік ережесі бекітілді.
Құжат бойынша балалар оқуға білім беру мекемесі басшысының бұйрығы негізінде қабылданады. Сыныптарды балалардың дайындығы мен даму деңгейіне қарай жасақтауға жол берілмейді. Білім мекемесіне оқушыларды қабылдау кезінде білім беру ұйымы басшысы ата-аналармен немесе балалардың өкілімен білім беру қызметін көрсету жөніндегі келісімшарт жасасады.

Білім беру мекемесіне білім алуға ерекше қажеттілігі бар балаларды қабылдау ата-ананың немесе баланың заңды өкілінің келісімімен педагогикалық-медициналық-психологиялық қорытынды жасалғаннан кейін іске асырылады. Ата-аналар, баланың немесе оқушының заңды өкілдері білім беру мекемесін баланың немесе оқушының ниетін, жеке бейімділігін және ерекшелігін ескере отырып таңдайды.

Білім мекемесі баланы оқуға қабылдаудан бас тартқан жағдайда ата-аналар немесе оқушының заңды өкілдері тұрғылықты мекенжайы бойынша жергілікті білім беру органына хабарласуы қажет.

Бастауыш мектептің білім беру бағдарламасын іске асыратын білім мекемелері бірінші сыныпқа алты жастағы және күнтізбе жылында алтыға толатын, білім мекемесі қызмет ететін аумақта тұратын балаларды дайындық деңгейіне қарамастан қабылдайды.

Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін мына құжаттар талап етіледі:

  • ата-аналардың немесе баланың заңды өкілдерінің еркін формадағы өтініші;
  • баланың туу туралы куәлігі;
  • баланың ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген 026/у-3 формадағы денсаулық жағдайы туралы құжаты;
  • баланың денсаулығы туралы 063/у формасындағы құжаты;
  • 3х4 өлшемдегі 2 фотосурет.

Білім мекемелеріне құжат қабылдау күнтізбе жылының 1 маусымынан 30 тамызына дейінгі аралықта жүргізіледі. Министрдің бұйрығы құжаттың алғашқы ресми жарияланған уақытынан күнтізбенің 10 күні өткеннен кейін күшіне енеді.

ДереккөзZakon.kz