1-сыныпқа енді баратын балаға, әрине, грамматиканы, жазуды үйрете алмайсыз. Бұл жаста олардың мына қабілеттерін дамытуға үлес қосу қажет:

  • тыңдау, түсіну;
  • сөйлеу;
  • оқу (ата-анасымен бірге және өзі иллюстрациялы кітаптарға қарап оқып, сипаттауы керек). 

Балаңызбен бірге ағылшынша және орысша мультфильм көріңіз

Егер өзге тілдегі мультфильмді бала түсінбейді деп ойласаңыз, қателесесіз. Балалардың тіл түйсігі ерекше болады. Олар сөзді ұғынбауы мүмкін, алайда кейіпкерлердің эмоциясы, қимылы, мультфильм әуені оқиғаны «айтып» береді. Мультфильмді тамашалағаннан кейін бала автоматты түрде сөздерді қайталай бастайды, әні ұнаса, бірге қосылып шырқайды.

Мәселен, Bilimland.kz сайтындағы «Мектепке дайындық» курсында анимациялық видеолар бар. Сюжеті қызық сабақтарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тамашалауға болады. Видеоны бірінші ана тілінде, одан кейін қалған екі тілде қайталатып көрсетсеңіз, балаңыздың тілді қабылдауына едәуір көмектесер едіңіз.

Балаға тақпақ, өлең жаттату кезінде қандай қате жібермеу керек?

  • Балаға тақпақ жаттатпас бұрын оның мәнін өзіңіз түсініп алыңыз. Қалай дұрыс айтылуы керек? Ырғақ қандай болуы тиіс? Интонацияны қалай дұрыстап қойған жөн? Ата-ана балаға бірдеңе үйретер алдында аздап дайындалуы керек.
  • Тақпақты мәнерлеп, ойнақы қалыппен оқыңыз. Көрнекі құрал (ойыншық, тағы басқа) қажет болса, пайдаланыңыз. Бала тіл үйреніп жатқандай емес, ата-анасымен ойнағандай әсерде болса, жаңа дүниені еркін қабылдайды.
  • Бірге айтып дайындалғаннан кейін баланың не түсінгенін тексеріңіз. Сұрақ қойыңыз, оған қай сәт ерекше ұнағанын біліңіз.

Жоғарыда аталған «Мектепке дайындық» курсында «Логоритмика» бөлімі бар. Мұнда ата-ана баланы мектепке дайындаудың түрлі құралын пайдалана алады. Бейнематериалы бар логомоторлы жаттығулар, есту жаттығулары, ауызша және сазды жаттығулар, сонымен қатар электрондық музыкалық аспаптар баланың оқу, үйрену дағдысын дамытып, таным көкжиегін де кеңейтпек.

«Логоритмика» бөлімінде үш тілдегі тақпақтар бар. Бала мұнда жаттау жаттап, түрлі жаттығу орындайды. Мысалы, жоғарыдағы суретте апта күндері туралы тақпақ пен интерактивті жаттығуы берілген. Бұл жаттығуды орындағаннан кейін бала өзінің дұрыс я бұрыс жауап бергенін тексереді. Ойын түріндегі жаттығу оның есте сақтау қабілетіне оң әсер етеді.

Баламен бірге кітапты қалай оқу керек?

Оқушының көбі латын мен кирилл қарпін қатар үйренгенде жаңылысып жатады. Екі графиканың ұқсас қаріптерін шатастырмау үшін барлығын қадам-қадаммен орындауға тырысыңыз. Бастапқыда екі, үш әріптен тұратын сөздерді оқытыңыз. Ағылшынша сөздердің ішінде дыбыссыз «е» және «th», «ch», «ph» тәрізді қосарланған дыбыстар болмағаны жөн.

Егер әріптердің қалай оқылатынын үйреткіңіз келсе, барлық ережені бірден түсіндірмеңіз. Мысалы, «а» әрпі жайлы айтсаңыз, алдымен оның тек / æ / деп дыбысталатын мысалдарын (cat, dad) оқытыңыз. Бұдан кейін келесі – «b», «c», «d» әріптеріне көшіңіз. Барлығының оқылудағы тек бір түрін үйреткен жөн. Келесі кезекте екінші түрін түсіндіріңіз.

Сөздердің айтылуы, оқылуы тұрғысынан «Мектепке дайындық» курсындағы «Сөйлейтін суреттер» бөлімінің ойын түріндегі жаттығуларын қолданып көріңіз. Төмендегі мысалда бөлімнің бір жаттығуы берілген. Суретті үстінен бассаңыз, неше түрлі дыбыс шығарады, қозғалады. Бұл — баланы ойнатып отырып тілді үйретуге таптырмас құрал. Көркем иллюстрация оны тек қызықтырып қоймай, білімге ынтасын да арттырады.

Bilimland.kz сайтындағы «Мектепке дайындық» курсында жалпы саны 140 сабақ (үш тілде де) бар. Курсты білім беру мекемесінде де, үйде де пайдалануға болады. Бағдарлама мүмкіндіктері шектеулі, арнайы педагогикалық көмекті талап ететін балаларды да оқытуға көмектеседі. Кешеннің сабақтары жадты, моториканы дамытуға және сөйлеуді, жазуды, сурет салуды үйретуге бағытталған. Интерактивті ойындар, көркем графика, жаңа технологиялар негізінде жасалған толыққанды сабақтар балаңызды мектепке жүйелі дайындауға көмектесері сөзсіз.

Айта кетейік, Bilimland.kz сайтында мектеп оқушылары үш тілде де барлық пән бойынша білімін жетілдіре алады.