Нұрсұлтан Назарбаев республикалық бюджетке енгізілген түзетулерге қол қойды

Президент Нұрсұлтан Назарбаев бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.

Мемлекет басшысы «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды, — делінген Ақорданың хабарламасында.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады. Бюджетті қайта нақтылауға Шымкенттің және Түркістан облысының әкімшілік мәртебесінің өзгеруі себеп болған еді.

Үкімет Мәжілісте 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеттің нақтыланған жобасын және елдің 2020 жылға дейін әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамын таныстырған кезде Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 3,8% көлемінде қалғанын айтты. Негізгі салалардың өсім қарқыны бұрынғы деңгейде.

Шымкент мәртебесінің өзгеруіне байланысты 2018 жылдың бюджетінде Түркістан облысы бюджетінен трансферттердің түсімі қарастырылған, сомасы — 15 миллиард теңге, ол Шымкент бюджетіне аударылады, — деді Руслан Дәленов.

Болжамға сәйкес, республикалық бюджеттің шығыны шамамен 9 триллион 656 миллиард теңгеден тағы 12,6 миллиард теңгеге ұлғаяды.

Қаржы министрі Әлихан Смайылов Түркістан облысына және Түркістанға қосымша бөлінетін қаражат туралы айтып берген еді.

Бюджеттің шығыс бөлігі бірнеше жолмен, әсіресе, жалпы сомасы 155 миллиард теңге болатын шығыстарды қайта бөлу жолымен Мемлекет басшысының Шымкент пен Түркістанның әкімшілік мәртебесін өзгерту және осы қалаларды дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін өзгертілді, аталған мақсаттарға 29,7 миллиард теңге бөлу ұсынылып отыр, оның 15,1 миллиарды – бұрын Оңтүстік Қазақстан облысына қарастырылған жәрдемқаржы, — деді ол.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, өңірді дамытуға бағытталған мақсатты трансферттер шеңберінде қосымша қаржыландыру көлемі 12,8 миллиард теңге болады.

Соның ішінде 6,5 миллиард теңге Түркістанды дамытуға, 3,7 миллиард теңге Түркістан облысын дамытуға, 2,6 миллиард теңге Шымкентті дамытуға бөлінеді. Бұл шығыстардың шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты көріктендіру, жылу-энергетика және газ-көлік секторын дамыту жұмысы және білім беру және денсаулық сақтау нысандары құрылысы жалғасады, — деді Қаржы министрі.

Әлихан Смайылов Түркістанға орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерін орналастыру мен олардың қызметін қамтамасыз етуге 1,7 миллиард теңге қарастырылғанын да айтты.