Түркістан облысының жаңа гербін жасауға байқау жарияланды

Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының ұйымдастыруымен өңірдің жаңа гербіне үздік эскиздік жобасына байқау жарияланды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан облысы гербіне үздік эскиздік ұсыныстар 2018 жылдың 3 қазаны күні сағат 16.00-де қаралады. Байқауға қатысу үшін материалдарды 1 қазанға дейін Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасына тапсыру қажет ([email protected], 8 (7252) 53-95-56). Жеңімпаздар димломмен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады. Жалпы жүлде қоры – 1 миллион теңге.

Байқауға жеке және заңды тұлғалар қатысады. Байқау талаптары: түсініктеме жазба, эскиздің мақсатын айқындайтын негізгі сызбалар, компьютерлік кескіндеме немесе түрлі-түсті бояумен салынған сурет, жобалар көлемі 90х60 сантиметр планшеттерге орналастырылуы қажет.

Бауқауға қатысушылардың ұсыныстарына республикаға белгілі сәулетшілер мен сала мамандары қазылық етеді.

Еске салайық, биыл 19 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы ретінде қайта құру және оның орталығын Шымкенттен Түркістанға көшіру туралы тарихи жарлыққа қол қойған еді.