Су ресурстарына арналған Su24.kz порталы іске қосылды

Сайтта су әлеміне қатысты жаңалықтардан бөлек, өзен-көлдер туралы танымдық материалдар, республикалық маңызы бар су нысандары, шаруа қожалық басшылары, білікті су мамандары, осы саланың ардагерлері мен экологтар, қоғам қайраткерлерінің сұхбаттары ұсынылған.

Сайттың идеясы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев мырзаға тиесілі. Алдағы уақытта сайт қолданушылары еліміздің әр өңірінде орналасқан су қоймаларын 3D нұсқада тамашалай алады. Кәсіпкерлердің базасын дайындап жатырмыз. Ол жерде кез келген қолданушы өзіне қажетті шаруа қожалығы туралы ақпаратқа қол жеткізетіндей мүмкіндік жасаймыз. Жыл соңына дейін 30 000 кәсіпкер туралы мәлімет жүктеледі, — дейді Су ресурстары комитеті және «Қазсушар» РМК баспасөз хатшысы Азамат Байғалиұлы.

Оның айтуынша, сайт қызметінің келесі кезеңінде қазақ тілінде жарияланған барлық контент орыс, ағылшын тілдерінде қатар жүреді. Жаңа жылдан кейін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында электрондық құжат айналымы іске қосылады.

Электрондық құжат көмегімен еліміздің әр өңіріндегі шаруа қожалықтары иелері суға қатысты операцияларын онлайн түрде жүзеге асырады. Тағы бір тың бастама – көп ұзамай мыңдаған су нысандары бейнеленген интерактивті карта жұмыс істейді. Әр облыстағы суармалы жерлерге қатысты мәліметтердің барлығы осы картадан көрініс табады. жалпы ауыз су, егін суға қатысты мәселелер бойынша азаматтардан арыз-тілектер қабылданады. Олардың тікелей жауапты орындарға, басшыларға жетуіне атсалысамыз, дейді Азамат Байғалиұлы.