Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Ақтөбеде 35 мың орындық стадион салынады

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Не болды?

Ақтөбедегі Алтын Орда тұрғын алабында жаңа футбол стадионының құрылысы басталды. Жұмыс түрік компаниясымен бірлесе жүреді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Өңірдегі бұл спорт нысаны халықаралық стандарт бойынша бой көтереді. Әкімдіктің мәліметінше, стадион 34 980 көрерменге арналған.

Жобаны қолға алған Түркия компаниясы өкілдерінің айтуынша, олар бұған дейін әлемнің бірнеше елінде 20-ға жуық стадион салуға қатысқан.

Компаниямыздың спорт нысанын салуда тәжірибесі мол. Қазір стадионның түрлі блогында іргетас құйылып, бағандар мен монолит орнатылып жатыр. Жыл соңына дейін негізгі жұмысты аяқтап, темірбетон қаңқасын тұрғызуды жоспарлап отырмыз, – дейді мердігер компания өкілі Фатих Татлыпаям.

Қазір құрылыс алаңында 152 адам жұмыс істеп жатыр. Ал инженерлік және техникалық жұмыс басталғанда жұмысшы саны 700 адамға дейін жетуі мүмкін.

Облыс әкімі жаңа стадионды өңірдің мәдени және туризм әлеуетін арттыратын маңызды жоба деп санайды.

Футболға қызығушылық артып келеді. Сондықтан заманауи стадион өңір үшін аса қажет. Мұнда тек спорт жарысын ғана емес, ауқымды мәдени іс-шара мен концерт өткізуге мүмкіндік болады, – дейді Асхат Шахаров.

Жоба белгіленген мерзім бойынша салынып жатыр. Негізгі жұмыс 2027 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Контекст

Естеріңізге салайық, Ақтөбедегі Алтын Орда шағын ауданында жаңа театр да салынады. Жаңа нысан 700 көрерменге арналған.

Мақалаға реакция