Не болды?
Әлеужеліде қызу талқыға түскен курьер-ана жұбайымен Алматыдан көшіп, Шымкенттегі жақындарының қасына оралды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Еңбек вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың мәлімдеуінше, жағдай қызу талқыға түскеннен кейін Алматы қаласының әлеуметтік қорғау басқармасы әйелге барып, қолдау ұсынған. Алайда отбасы жұмысқа орналасуға келіспеген.
Әлеужеліде жазба шыққаннан кейін мемлекет тарапынан көмек көрсетуге тырыстық. Алматыдағы жауапты орган өкілдері отбасыға барып, кездесіп қайтты. Алайда курьер-ана мен жұбайы біздің ұсынысқа келіспеді. Кейін олар Алматыдан көшіп, бұрынғыдай Шымкентте ата-анасымен бірге тұруды шешті, – дейді Ербол Тұяқбаев.
Желі қолданушылары еңбек министрлігін декреттегі көпбалалы аналардың жұмыс істеуіне қарсы шықты деп айыптаған еді. Дегенмен вице-министр бұл пікірге келіспейтінін айтты.
Біз әйел адамның жұмыс істеуіне тыйым салмадық. Әсіресе, адамның өзіне жұмыс ыңғайлы болса еш қарсылығымыз жоқ. Алайда декреттегі ана жұмыс істесе, оның қауіпсіздігін біз қамтуымыз керек, – дейді вице-министр.
Сонымен қатар қоғамда министрлік курьер-ана мен күйеуінің білімі, несиесі және туысы туралы ақпаратты жариялағаны да сынға ұшырады. Бұл мәселеге қатысты Тұяқбаев отбасының бір базаға тіркелгенін айтты.
Біз олардың барлығы бірге тіркелгенін анықтадық. Ешкімді қудалау немесе жеке деректі жариялау мақсаты болған жоқ. Әйелдің ағасының аты-жөні де, нақты жұмыс орны да аталған жоқ. Қызмет саласы ғана көрсетілді. Бұл отбасыны ағасы немесе туысы асырауы керек дегенді білдірмейді, – деп мәлімдеді Тұяқбаев.
Жеткізу қызметін ұсынатын компания кінәлі ме?
Министрлік кішкентай баласын қасына алып жұмыс істеген ананың жағдайынан кейін жеткізу қызметін ұсынатын компанияларға да назар аударған.
Біз оларды жұмысқа қабылдамау керек деп отырғанымыз жоқ. Бірақ онлайн платформада жұмыспен қамтитын компания қауіпсіздікке қатысты негізгі талапты сақтауға тиіс, – дейді Ербол Тұяқбаев.
«Несие – орташа табыс көрсеткіші»
Тұяқбаевтың айтуынша, қызу талқыға түскен отбасы министрліктің әдістемесі бойынша орташа санатқа жатады. Несиенің болуы – орташа көрсеткіштің бірі.
Сонымен қатар вице-министр азаматтардың несиеге тәуелді болуы қалыпты жағдайға айналғанымен, мұның дұрыс емес екенін де айтты.
Мен мұны қалыпты жағдай деп тұрғаным жоқ. Еліміздің кез келген азаматы қарызға белшесінен батпағаны дұрыс, – дейді Ербол Тұяқбаев.
Оның айтуынша, мемлекеттік бағалау жүйесінде несие болу, оның сомасы мен төлемі де есепке алынады. Егер берешек 90 күннен асып төленбесе, мұндай отбасыға қосымша мемлекеттік қолдау көрсетілуі мүмкін.
Контекст
Естеріңізге салайық, бұған дейін курьер-анаға қатысты еңбек министрі Асқар Ертаев пікір айтты.
