Басты бетЖаңалықтарАқжайық жұрты...

Ақжайық жұрты айтыс ақтангерін еске алды

«Туған жер» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының Тереңкөл ауылында облыс ақыны Нығмет Нағымовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Айтыстың ерен жүйрігі» атты аймақтық ақындар айтысы өтті.

Жыр кешінде алғаш сөз алған Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков ақындар айтысы жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне зор ықпал ететінін, жергілікті ақындар мектебінің қалыптасуына қолқабыс жасайтындығын айта келіп, айтысқа қатысқалы отырған ақындарға сәттілік тіледі. Сахна төріне көтерілген Нығмет Нағымовтың шәкірті, ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиев ұстазы туралы естелік айтып, Нығмет Нағымовтың сөзіне жазылған Сағит Садықовтың «Дос әзілі» әнін орындады.

Ақындар айтысының шымылдығын қазіргі айтыс ақтаңгері Бауыржан Халиолла ашты. Айтысқа Құлсарыдан Ғалымбек Мұстафа, БҚО-ның Қаратөбе ауданынан Райымбек Өтепов, Ақжайық ауданынан Айнабек Бисенғалиев, Бекболат Қаленов, Жаңақала ауданынан Орынбек Меңдіқұлов және Оралдан Естеміс Мұхамбетов сияқты жас ақындар қатысты. Олар ұтқыр да ұтымды ұйқастарымен тыңдаушыларды бір серпілтіп тастады. Өмірдің күнгейі де, көлеңке жағы да жыр болып төгілді. Залдағы тыңдармандар ұзақ қол соқты. Жырға құрмет көрсетті. Айтыс соңында оған қатысқан ақындардың барлығына тарту-таралғы тапсырды.

Нығмет Нағымов — өз уақытында аудан, облыс, республика көлемінде кеңінен танымал ақын. Республикалық ақындар айтысында топ жарған оралдық әйгілі сөз шебері Қатимолла Бердіғалиев — осы Нығмет Нағымовтың шәкірті. Ол 1967 жылы өткен облыстық ақындар айтысында I дәрежелі дипломмен марапатталып, «Облыс ақыны» атанады.

Сол кездері өңірдің мәдениет саласына танымал болған Ғарифолла Көшенов, Ғұмар Дүйсенов, Елекеш Қалиев, Кенжеғали Балабасовтар Нығмет Нағымовтың айтыскерлік талантын мойындап қана қоймай, оның алдында сөз бастаудан сескенген.