«Рухани жаңғыру»: Батыс Қазақстанда тарихи-өлкетану музейі ашылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында музейлер ашу ісі Батыс  Қазақстан облысында жалғасын тауып отыр. Маусым айында тарихи-өлкетану музейі Зеленов ауданында пайдалануға берілген болса, шілдеде бұл бастама Қазталов ауданына да келді.

12 шілдеде аудан орталығында көптен күткен тарихи-өлкетану музейі ашылды. Аудан тарихынан сыр шертетін нысанның ашылуына аудан әкімі Абат Шыныбеков тікелей мұрындық болып, жәдігерлерді жинақтауға тұрғындары белсене атсалысты.
Ашылу салтанатында сөз алған әкім жаңа музейдің маңызына тоқталды және музей ұжымына КСРО халық артисі, әйгілі актриса Хадиша Бөкееваның портретін сыйға тартты.

Қазірдің өзінде өлкетану музейінің қорында 2,5 мыңнан аса құнды жәдігер бар. Ғимарат 4 экспозициялық бөлмеден тұрады. Музей жетекшісі Назкеш Адаялиеваның айтуынша, жәдігерлер күнен-күнге толығып жатыр.

Алдағы уақытта дәл осындай музей аудан орталығынан бөлек, Бостандық ауылында да бой көтермек. Лайықты ғимарат та табылған. Оған тек жөндеу жұмыстары қажет екен. Бостандыққа барған сапарында аудан басшысы ұзақ жылдар облыста басшылық қызметтер атқарған, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордені мен екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Қабира Салықованың ұлы Ғиният Салықовпен кездесті. Кездесу барысында Ғиният Салықов Бостандық ауылынан ашылғалы жатырған тарихи-өлкетану мұражайына анасының жеке кітапханасынан алынған 160-қа тарта кітапты және фотосуреттер топтамасын, анасының бюстін тарту етті.

«Қабира Салыққызы ауданымыз бен облысымызға ғана емес, тұтас елімізге есімі таныс тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, біздің мақтанышымыз. Осындай белгілі тұлғаны бүгінгі ұрпаққа насихаттау парызымыз. Аудан орталығындағы музейден апамызға арнап бір бұрыш ашуды жоспарлап отырмыз», — деді аудан әкімі Абат Шыныбеков.

Әкім музейді жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылатындығын айта келіп, округ әкімі Манарбек Сүндетовке нақты тапсырмалар берді.