БҚО журналистері «Туған жер» этномәдени жобасымен ауданда болды

Батыс Қазақстан облысындағы 2 облыстық, 12 аудандық басылымды біріктіретін «Жайық Пресс» ЖШС медиахолдингінің бас директоры Рауан Сəбитов бастаған топ «Туған жер» этномәдени жобасы аясында Қазталов ауданына барды.

Мұнда БАҚ өкілдері «Рухани жаңғыру» кеңсесінде болып, ақсақалдармен, жастармен жүздесті. Кеңсеге бас сұққан жаңалық жаршылары аудандағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, көрме тамашалады.

Газет — сіздерге берілетін пікірталас алаңы. Нарық заманына сай газет те тауар сияқты. Сіздерге сапалы тауар ұсынуымыз қажет. Ол үшін жалпы оқырмандарымыздың жаңаша ойлары, сын-пікірлері ауадай қажет. Сол себепті де біздің нағыз оқырмандарымыз, сыншымыз — сіздерсіздер. Осы орайда біз ардагерлермен арнайы кездесіп, алдарыңызға көп сөйлеуді емес, сіздерді көп тыңдауды мақсат етіп келдік. Алдағы уақытта газеттің сапалы шығуы үшін  ұсыныс-пікірлеріңіз, сұрақтарыңыз болса, тыңдауға əзірміз, — деді  бас директор Рауан Сəбитұлы.

Кездесу барысында «Орал өңірі» газетінің тілшісі Есенжол Қыстаубаев газет саласындағы көкейкесті мəселелер төңірегінде əңгімеледі. Сонымен қатар Қошанкөл, Көктерек ауылдық округтерінің ардагерлері Меңдіхан Халықұлы, Теміржан  Қажығалиев, Нағым Ризуанов басылымдағы мəліметтер жөнінде пікірлерін білдірсе, Мұнайдар Карин, Болат Бекешов сияқты ақсақалдар Еділбай сорының емдік қасиеті жөнінде ойларын жеткізді.

Аталмыш жоба аясында сонымен қатар «Жайық Пресс» медиахолдингі бас редакторлар клубының алғашқы көшпелі мәжілісі өтті. Оған медиасеріктестікке қарасты 2 облыстық және 12 аудандық газеттің бас редакторлары қатысты.

Көшпелі жиынның алғашқы бөлігінде қордалы мәселелер ортаға салынып, басылым басшылары еркін пікір алмасса, екінші бөлігінде жобаның арнайы қонағы, белгілі ақын, «Ана тілі» ұлт апталығының бас редакторы Жанарбек Әшімжан шеберлік сыныбын өткізді.

Жоба шеңберінде облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин мен «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова жергілікті еңбек ұжымдарында болып, қос басылымдағы мақала-материалдарға қатысты ой-пікір бөлісті.

Кешкісін аудандық мәдениет үйіне көптеп жиналған ауыл тұрғындары Оралдан келген өнер шеберлерінің гала-концертін тамашалады.