Жұмыс берушілердің қандай мамандарға көп айлық төлейтіні белгілі болды

2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда бухгалтерия мен заң саласында 51,9 миллиард теңгеге қызмет көрсетілген, бұл былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда, 57,6%-ға көп. Бұл туралы Еnergyprom.kz сарапшылары хабарлады.

Қызметтің көбі Алматыда көрсетілген — Қазақстан бойынша жалпы көрсеткіштің 71,5%-ы, былтыр республика бойынша барлық қызметтің 69,8%-ы оңтүстік астанаға тиесілі болған еді. Биыл республика бойынша көрсетілген барлық қызмет түрінің 18,6%-ы Астананың бухгалтерлері мен заңгерлеріне тиесілі болды. Былтыр еліміз бойынша барлық қызмет түрінің 17,2%-ын Астананың осы салалардағы мамандары көрсеткен еді.

Сектордағы жиынтық қызмет түрлерінің 32,2%-ы немесе 16,7 миллиард теңгесі — аудиторлардың еңбегі. 24,1%-ы немесе 12,5 миллиард теңге — есепшот түзу мен бухгалтерлік есеп қызметі. Адвокаттар қызметінің үлесі 20% немесе 10,4 миллиард теңге болды.

HeadHunter порталы талдаушыларының мәліметінше, есепшілер сұранысқа ие мамандықтардың екінші орнында, порталда ұсынылған барлық бос жұмыс орнының 10,9%-ы соларға тиесілі. Бухгалтерлер, есепші-калькуляторлар, бастапқы құжаттама бойынша мамандар, есепшот тіркеу, төлем және жалақы есептеу жөніндегі мамандар ұдайы сұранысқа ие.

Заң мен бухгалтерлік есеп саласындағы орташа айлық жалақы биылғы бірінші жартыжылдықта 283,2 мың теңге болды, бұл былтырғы жартыжылдықпен салыстырғанда, 7,2%-ға жоғары. Бұл кезеңде жалпы қазақстандықтар 157,1 мың теңге орташа жалақы алған.