Ерболат Досаев Президент Жолдауын Алматы активімен бірге талқылады

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев Алматы активімен кездесіп, Президенттің 5 қазандағы Жолдауы бойынша Үкімет атқаратын жұмыстың басты бағыттарын талқыға салды.

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ерболат Досаев егер бұрын республикалық мәні бар инфрақұрылымдарды дамытуға мән берілсе, бұдан былай өңірлік және қалалық инфрақұрылымдарды өркендетуге ерекше назар аударылатынын, ал бұл Алматы үшін өте маңызды екенін атап өтті.

Келер жылдың 1 қыркүйегіне дейін 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамудың Стратегиясы жасалады, мұнда басқарылатын урбанизацияға акцент беріледі. Халықты орналастыру, өңірлердің арнайы салаларын анықтау, өнідірісті дамыту, инфрақұрылымды қамтамасыз ету осы призма арқылы жүзеге асады, ал бұл ел өңірлерінде кіші урбанизацияның қанат жаюына тың серпін береді. Түрлі елді мекен — ауылдар мен республикалық мәні бар қалалар үшін аймақтық стандарттар жүйсін жасау жоспарланып отыр, онда әлеуметтік қолдау мен мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімділігі нақты айқындалады, — деді Ерболат Досаев.

Үкімет басшысының орынбасары өңірлерді дамытуға жаңаша тұрпатта келу қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, өңірлік экномиканың дамуына оң әсер ететінін айтты. Өңірлердегі тұрғындардың өмірін жақсарту «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» сияқты бағдарламаларды 2025 жылға дейін жүзеге асыруға тікелей байланысты. Алматының өзінде ғана жыл аяғына дейін 2 миллион шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланған.

Біз қалалық әкімдік тарапынан нақты іс-шаралар жоспарын бекіттік. Сол бойынша жұмысты бастап кеттік. Сондықтан, үкіметтің қолдауымен біз Елбасы берген тапсырмаларды толық және уақытылы жүзеге асырамыз, — деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек.

Өткен жылы елімізде 100 мыңнан астам жанұя баспаналы болған. Ал, Алматыда 16 мың 482 пәтерлі тұрғын үйдің іргетасы қаланған. Жаңадан салынып жатқан үйлерге инженерлік жүйелерді тарту үшін Елбасы тапсырмасы бойынша жыл сайын 100 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінбек.

Алматы әкімдігі Елбасы жолдауы бойынша қарқынды жұмыс істеп жатқан алғашқы қала. Мұнда жастарды қолжетімді баспанамен қамту бағдарламасы оң нәтиже беріп жатыр. Мұндай тәжірибені басқа өңірлердегі жергілікті билік өкілдері де қолданып бастады. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп ойлаймын, — деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.

Мектеп жасына дейінгі мекемелерде және мектептерде білім берудің сапасын арттыру үшін осы жылдың соңына дейін Жол картасы жасалып, бекітіледі, бұл құжатта мектеп жасына дейінгі мекемелер тәрбиешілерінің білімін арттыру және бірыңғай біліктілік талаптары көрініс табады, PIZA, SAT, AST сияқты халықаралық стандарттарға көшу  басталады.

Мектептер құрылысын елді мекендердің даму жоспарларымен сәйкестендіру тапсырылды, ал бұл жеке сектор инвестициясы есебінен мектеп құрылыстарын салу қарқынын арттырады.