Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия бизнесмендерін де «Астана» қаржы орталығына шақырды

Мемлекет басшысы Еуропаның іскер топтар өкілдерімен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Еуропа елдері Қазақстанның сауда-экономика және инвестиция салаларындағы маңызды серіктестері саналатынын айтты.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға Еуропадан 180 миллиард долларынан астам тікелей инвестиция тартылды. Біз Еуропа қайта құру және даму банкімен тығыз ынтымақтастық орнаттық. Осы жылдар ішінде бұл банк жалпы құны 7 миллиард еуродан асатын жобаларды қаржыландырды, — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары Еуропа елдерімен тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келе жатқанын және Қазақстанда Еуропа капиталының қатысуымен түрлі салада 3 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейтінін айтты.

Біздің серіктестеріміздің қатарында «Альстом», «Линде Груп», «Эр Ликид», «Данон», «Викат», «Хайдельбергцемент» сияқты ірі компаниялар бар. Бұлар жемісті жұмыс жүргізіп, заманауи өндірістер құрып жатыр, жаңа жұмыс орындарын ашып, табыс тауып жатыр, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Еуропа өнімдерінің тұтыну нарығын кеңейту аясында бизнесмендерге еліміздің географиялық жағдайының артықшылықтары туралы айтты.

Қазақстан арқылы Қытай мен Азияның басқа елдерін Ресей, Каспий теңізі және Қара теңіз, сонымен бірге Иран мен Түркия арқылы Еуропамен байланыстыратын 5 теміржол және 6 автомобиль жолы өтеді. Енді Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жөнелтілетін жүк тасымалы теңіз жолына қарағанда 4 есе қысқарады, — деді Мемлекет басшысы.

Назарбаев Бельгияда
Фото: Аkorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар туғызу мәселелеріне ерекше тоқталды.

Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі саналады және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылды. Елімізде Президент жанындағы Шетел инвесторларының кеңесі жұмыс істейді. Оған мүше болып отырған 33 шетелдік компанияның 13-і — Еуропа өкілдері. Бізде 66 елдің, соның ішінде Еуропаның 33 елінің азаматтары үшін визасыз режим енгізілді, — деді Президенті.

Мемлекет басшысы экономика саласын цифрландыру мен инновациялық экожүйені дамытудың маңызын айтып, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне назар аударды.

Біздің елде Назарбаев Университеті және Инновациялық технологиялар паркі сияқты инновациялық кластерлер жұмыс істеп жатыр. Биыл Астанада ІТ-стартаптардың жаңа «Астана хаб» халықаралық технопаркі іске қосылады. Оны әлемнің ІТ-кәсіпкерлері мен инвесторларын тартатын тұтас инфрақұрылымға айналдыру көзделіп отыр. Технопарк жұмысына қатысушылар жеңілдетілген виза мен еңбек режимдерін пайдалана алады, сонымен қатар оларға салық жеңілдіктері де ұсынылатын болады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның ірі компанияларының ІРО-ға шығуы және мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында ынтымақтасуы тұрғысынан еуропалық инвесторлар әлеуетінің маңызды екенін айтты.

Қазақстан Президенті агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету жөнінде атап өтіп, жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін келешекте экспортқа шығару мақсатымен қайта өңдеу бұл саланың негізгі басымдығы болып саналатынын айтты.

Біз туризмді өркендетуге зор мән береміз. Бізде Туристік саланы дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанның алуан түрлі ландшафты, бай мәдениеті мен тарихы және осы саладағы еуропалық компаниялардың мол тәжірибесі өзара пайдалы болар еді деп ойлаймын, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға EXPO көрмесінің инфрақұрылымы базасында жұмыс істейтін және еліміздегі әрі өңірдегі «жасыл» жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізетін «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық туралы айтты.

Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастады. Оның құқықтық мәртебесі конституциялық заңмен бекітілген, ал жұмыс тілі — ағылшын тілі. Бұл қаржы орталығының жұмысына қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер қарастырылған, сонымен бірге олар үшін жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режимдері көзделген. Бұл — қызметі ағылшын құқығына негізделген өңірдегі бірден-бір орталық. Компанияларыңызды осы қаржы орталығының жұмысына атсалысуға шақырамын, — деді Қазақстан Президенті.