Нұрсұлтан Назарбаев Бельгияға барды

Нұрсұлтан Назарбаев Финляндиядағы ресми сапары аяқталған соң Бельгия Корольдігіне барды.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы «Азия-Еуропа» (АСЕМ) форумының XII саммитіне қатысу үшін Брюссельге келді.

Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев жоғары деңгейдегі бірқатар екіжақты келіссөз өткізіп, Еуропаның іскер топтары өкілдерімен кездеседі.

Бельгияға аттанардан бұрын Елбасы Хельсинкиде Nokia компаниясының таныстырылым алаңында болды.

Назарбаев Финляндия Nokia
Фото: Аkorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев компанияның 5G, толықтырылған шынайылық және жасанды интеллект технологияларын пайдалануға негізделген телекоммуникация саласындағы жаңа жетістіктерімен танысты. Кәсіпорындарды, көлікті алыстан басқаруға, хирургиялық операциялар жасауға арналған бұл әзірлемелерді басқа да салалар мен бағыттар бойынша қолдануға болады.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанда 5G технологиясының сынақтан өткізілуі және оны іс жүзінде қолданудың перспективалары жөнінде баяндады.