Атыраулық жастар Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды

12 қазан күні Атыраудағы Жеңіс саябағында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына қабылдау салтанаты өтті. Атыраулық 40 жігіт Тараздағы құрлық әскеріне мерзімді әскери қызметке жіберілді. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болашақ жауынгерлер, олардың туыстары мен жақындары алдында сөз сөйледі.

Бүгін біз қазақстандық әскер қатарына жас жігіттерімізді Отан алдындағы борышын атқаруға жібереміз. Бірақ, борыштан бөлек, әскери қызмет — сарбаз үшін ең жақсы өмірлік мектеп. Әскердегі қызмет — бірқатарыңызға жетілу, мінез, батылдық үшін өмірлеріңіздегі алғашқы сынақ. Бүгінде біздің еліміз әлемдік кеңістікте өзіне лайық орны бар мемлекет. Бұл — әлбетте, Елбасымыз, бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың  ішкі және сыртқы сарабдал саясатының арқасы. Қазақстандық әскер үшін материалдық-техникалық база, әлеуметтік көмек тұрғысынан барлық жағдай қарастырылған. Бұл біздің әскерге шекарамызды қорғауда алға қойылған стратегиялық тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді. Жас сарбаздарға азаматтық борыштарын лайық түрде өтеп, анттарына адал болуын тілеймін, — деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс басшысы жауынгерлерге әскери қызмет қиындығына мойымай, аман оралып, батылдық танытып, мұқтаж адамдарға әрдайым көмек көрсетуге қабілетті болуды тіледі. Басты міндет – жас ұрпақ санасында өз елі мен болашағына деген  мақтаныш пен жауапкершілік сезімін ояту.  Жастар Отанға қызмет ету әр ер азаматтың борышы екенін түсінеді.

Атырау сарбаздар
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Атырау облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы, полковник Батырхан Ақбалиевтің айтуынша, бүгінгі жауынгерлердің әрқайсы нағыз сарбаз болуға лайық.

Әскердегі қызмет кешегі жасөспірімді келешек Отанына адал ер азамат болуға тәрбиелейді. Ақ жол тілейміз, — деді Батырхан Ақбалиев.

Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш және сарбаздардың туысқандары да тілегін білдірді.

Айта кетейік, 10 қыркүйекте Қазақстанда сарбаздарды күзгі Қарулы Күштер қатарына шақыру басталған болатын. Республика бойынша 1992-2000 жылы туған 17 мыңнан аса азаматты шақыру жоспарланған. Атырау облысынан күзгі маусымға 826 сарбаз шақырылды. 215-і әскери бөлімдерге орналасуға жіберілді. Олардың 175-і ҰҚК Шекара қызметіне, 40-ы Қарулы Күштерге қабылданды.