Алматының ең адал ұстаздары анықталды

Байқауда барлық 3 кезеңнен сүрінбей өткен 12 қатысушы білікті маман, адал қызметкер екенін дәлелдеу үшін «Заманауи ұстаз», «Адал ұстаз» тақырыптарында эссе жазып, ситуациялық сұрақтарға жауап берді.

ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында екінші рет өткізілген шараны мұғалімдердің мәртебесін арттыру, олардың сыбайлас жемқорлықпен күреске қосатын үлестерін көрсету және талантты,  нағыз шығармашыл, адал ұстазды анықтау мақсатында Алматы қалалық білім басқармасы мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті ұйымдастырды.

көрермен
Фото: Алматы қаласының білім басқармасы

Қазылар алқасында Қазақстанның білім беру саласының үздіктері мен жоғары оқу орындарының профессор, доценттері отырды. Әр тур 5 балдық жүйемен бағаланды.

Қазылар алқасының мүшесі Қарлығаш Шайжанованың айтуынша, сайыс болғандықтан әділ бағаланды, дегенмен барлық қатысушы «Адал ұстаз» екенін дәлелдеген.

Өзім 12 мұғалімнің 3-еуіне жоғары балл қойдым. Нағыз адал да, білікті ұстазды анықтауда 3 тур қатты көмектесті. Онда ситуациялық сұрақтар қойылды. Шындығында, адал ұстаз толыққанды құқықтық нормативтік іс-құжаттарды жатқа білуі қажет. Өйткені олар жеке тұлғаның қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан өз басым заңды жақсы білетін, соған сәйкес заңның баптарына дейін толық айтқан мұғалімді жоғары бағаладым. Мұндай конкурстар жиі болып тұрса екен деймін. Ол өскелең ұрпаққа шабыт береді, — дейді Психология ғылымдарының кандидаты, доцент Қарлығаш Шайжанова.

Бас жүлдені №173 лицейдің мұғалімі Жанар Көпбаева иеленді. 1-орын №148 мектеп-гимназиясының мұғалімі Жеткіншек Меңдіғалиевке, 2-орын №53 мектеп гимназиясының мұғалімі Еркежан Мәкешева мен №60 мектеп-гимназиясының мұғалімі Надежда Фендриковаға, 3-орын №33 мектеп-гимназиясының мұғалімі Әйгерім Шаймерденоваға, №178 мектеп-гимназиясының мұғалімі Ғалымжан Шынасыл, №198 жалпы білім беру мектебінің мұғалімі Береке Кеңесоваға бұйырды. Қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен сертификаттар берілді.

Білімді, сапалы, жемқорлыққа жаны қас ұрпақ тәрбиелеу — мұғалімдердің міндеті. Бұл пікірді байқау қатысуышлары да растады.

ұстаз
Фото: Алматы қаласының білім басқармасы

Оқушы барлығын көруші, көшіруші, қабылдаушы болғандықтан қазіргі ұстаздың бойында адалдық пен әділдіктің болуы шарт. Өз басым әділдік дегенді оқушыларды әділ бағалауда, дұрыс таразылауда, ұтымды шешім шығаруды ақыл-оймен ұштастыра отырып қолданамын. «Өзгеру үшін, бірінші өзің өзгер, сосын мемлекеттен өзгерістерді талап ет!», — демекші, сыбайлас жемқорлық туралы заңды білу әр мұғалімнің борышы деп ойлаймын, — дейді 3-орын иеленген, №33 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Әйгерім Шаймерденова.

Байқау мұғалімдердің біліктілігін арттырып, жас мамандардың өзіне сыни көзбен қарауына әсер еткен.

ұстаз
Фото: Алматы қаласының білім басқармасы

Бұл педагог ретінде жетілуіме, біліктілігімді арттыруға үлкен сабақ болды. «Мектеп» деген алып кемеде бірге жүрген басқа мектептегі әріптестерімнің шеберлігін, байқауға дайындығын көріп, үлгі алдым, — дейді 3-орынды иеленген, №198 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Береке Кеңесова.

Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жыл 10 қаңтардағы Жолдауында мұғалімдердің мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30%-ке өсірген еді. Демек қазіргі заманның мұғалімдері заманауилыққа, жаңашылдыққа ұмтылуы керек. «Адал ұстаз» байқауының жеңімпаздары мен қазылар алқасының мүшесі «Заманауи ұстаз» ұғымын қалай түсінеді?

Заманауи педагог — жан-жақты, жаңашылдыққа құмар, жаңа технологияны меңгерген маман. Мұндай қасиеттерге ие мұғалім бәсекеге қабілетті, болашақтың көшбасшы болатын шәкірт тәрбиелейді. Қазақстанның әрбір мұғалімінің заманауи ұстаз болмауына қақысы жоқ. Себебі, Елбасымыз бізге барынша қолдау көрсетіп жатыр, — дейді Береке Кеңесова.

Психолог Қарлығаш Шайжанованың айтуынша, заманауи педагог жоғары тәжірибелі болуы керек. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырған мұғалім ғана бүгіннің маманы бола алады.

«Генерал болуды армандамайтын солдат болмайды» демекші, атақты тұлғалар мен ғалымдар бас иетін мамандықтың шыңына шығып, бала тәрибесінің үздік үлгісін көрсете алған ұстаз ғана «Заманауи педагог» атағына лайық бола алады, — дейді Әйгерім Шаймерденова.

ұстаз
Фото: Алматы қаласының білім басқармасы

Заманауи ұстаз — ұлттық құндылықтарды жаңа заманмен ұштастыра отырып шәкірт тәрбиелейтін маман.Себебі, заман өзгерген сайын сырттан келетін күш ұлттық санамызға, ана тілімізге, салт-дәстүрімізге кері әсерін тигізіп жатыр. Оған қарсы тұруда ұрпақ тәрбиелейтін мұғалімдердің ролі зор. Қанша жерден заманауи болсақ та, ұлттық санамызды жадымыздан өшірмеуіміз керек, — дейді 2-орын алған, №53 мектеп гимназиясының мұғалімі Еркежан Мәкешева.