Психологтар күзгі хандраны жазғы Күн сәулесінің жетіспеуінен болатын көңіл-күй деп түсіндіреді. Қыркүйек басталысымен жазғы ауа райы салқын ауамен, жаңбырмен алмасады. Бұлтты күнгі аспанға қарап, адамдардың да көңілі түседі. Көбі мұндай ауа райы кезінде жылы көрпеге оранып, ыстық шай не кофе ішіп, үйде отырғанды ұнатады. Осындай көңіл-күй бірнеше күнге созылса, жұмысыңызға кері әсерін тигізеді. Ал кейбірі, керісінше, жаңбыр астында сары түске боялған күзгі табиғатты тамашалап, серуендегенді ұнататын көрінеді.

Күзгі хандра. Не істеу керек?

Ерте тұрыңыз

Таңертең күнмен таласып оянуды әдетке айналдырыңыз. Егер сізге Күннің шуағы жетіспей жүрсе, таңертең ерте тұрып, Күн сәулесі түсіп тұрған жерде уақыт өткізіңіз.  Себебі қыс мезгілі жақындаған сайын күншуақ азая береді. Жұмысқа немесе сабаққа жаяу баруды әдетке айналдырсаңыз, тіпті, жақсы.

Уақытында ұйықтаңыз

Таңертең ерте тұрған адам түнде ерте ұйқыға жатуы керек. Иә, күзгі көңіл-күйдің дұрыс болуы ұйқыға тікелей байланысты. Егер күніне 7-8 сағат ұйықтайтын болсаңыз, депрессия сізді айналып өтеді. Ұйқыңыз қанбай жүрген болса, түскі уақытта мүмкіндігінше ұйықтауға тырысыңыз. Себебі Күн сәулесінің жетіспеуі мен ұйқының қанбауы тек депрессияға ғана емес, ағза жұмысының бұзылуына да себеп болуы мүмкін.

Дұрыс тамақтаныңыз

Күзгі хандраны неше түрлі тәттіні сатып алып, сүйікті фильміңізді көріп жеңуіңізге болады. Сүйікті тағамдарыңыздан бас тартпаңыз, бірақ нормасын сақтай біліңіз. Ұннан жасалған тағамдар мен майлы, тәтті тағамдар ағзада шлактың жиналуына байланысты иммунитет жұмысын баяулатады. Оның үстіне, күздің салқынына төтеп беру үшін көп дәрумен жеп, иммунитет қызметін жақсарту керек. Күз — бүкіл жеміс пен көкөністің пісетін кезі. Ендеше дәрумендерді көп жеп, ағзамызды неге қыс мезгіліне дайындамасқа?

Спортпен шұғылданыңыз

Күзгі депрессияға ағзаңыз бен миыңыз қатар төтеп беруі керек. Сол үшін спортты серік етіңіз. Таңертең жаттығу жасаңыз, қолыңыз қалт етсе, музыка қойып билеңіз. Жұмыстан кейін шаршап тұратыныңыз белгілі. Бірақ кешке үйде әртүрлі жаттығу жасауға болады. Бұл сергек жүруіңізге әрі көңіл-күйіңіздің бірқалыпты болуына көмектеседі.

Қалың мойынорағыш сатып алыңыз

Мойынорағыш тамағыңызды күзгі салқыннан қорғап қана қоймай, сырт киіміңізге өзгеше сән беріп тұрады. Ал көрпеге ұқсас қалың мойынорағыш сатып алу — үйде жылы көрпеге оранып отыруды армандап жүргендер үшін таптырмас шешім. Жылы мойынорағыш көңіл-күйіңізді көтереді.

Жарықта отырыңыз және айналаңызды сәндеңіз

Күзде Күн сәулесі жетіспесе, бөлмені барынша жарықтандырыңыз. Көңіліңізге қарай өз фантазияңызбен бөлмеңізді сәндеңіз. Сәндеу кезінде ашық түсті заттар көп болғаны дұрыс. Бұдан бөлек үй жануарларын асырау да күздің мұңымен күресуге септігін тигізеді. Достарыңызбен бірге уақыт өткізіңіз, тауға шығыңыз, көп серуендеп, сары жапырақтар ортасында суретке түсіңіз. Күзгі ауа райына байланысты көңіліңіз түссе, көктемді күтіп жүрудің қажеті жоқ. Күзгі хандраға көңіл-күйіңіздің тізгінін бермей, жақындарыңызбен бірге болыңыз! Себебі, бұл көңіл-күй күзбен бірге өтіп кетеді, ал жақын жандарға деген ренішіңіз көңіліңізде қалып қояды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!