Астананың 20 жылдығына арналған квест жеңімпаздары анықталды

Астана әкімдігінің «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру, Астананың 20 жылдық мерекесін атап өту аясында Astana city quest ойындары ұйымдастырылды.

Астанадағы қасиетті орындарды және киелі жерлерді іздеуге арналған іс-шаралар кешенінің басты шарасы Астананың мектеп оқушылары және колледж студенттерінің арасында құрылған командалар арасында өтті.

Astana city quest ойындары 7 сағатқа созылады. Қатысушы әрбір топ 5 адамнан тұрады. Олардың барлығы — Астананың мектептері мен колледждерінің ең үздік спортшылары.

Квест ойынының басты мақсаты — жастар арасында Астананың қасиетті орындарын және көрікті жерлерін танымал ету, елордамыздың тарихымен және бүгінгі келбетімен танысу.

Астана әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасының «Астана жастар» коммуналдық мемлекеттік мекемесі елордада алғаш рет Астананың мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің қатысуымен ауқымды квест ұйымдастырды. Astana city quest ойындары Астананың сакрал орындарын жасөспірімдер мен жастарға танытуды көздейді. Бүгінгі жарысқа 20 топ қатысты, оның ішінде 10 топ мектеп оқушыларынан, 10 топ колледж студенттерінен жинақталған. Тапсырмаларды қатысушылар өздеріне жеке-жеке берілген кодтарды жазу арқылы орындайды. Әр тапсырма телефонға бейнеролик негізінде келеді. Қатысушылар мәселен, Ботаникалық бақта жасырылған кодты тауып, екінші тапсырманы алады. Тапсырмалар тізбегі бойынша келесі жасырылған орын EXPO көрмесінің маңынан іздеу керек деген сияқты жалғаса береді. Мұндағы мақсат, мәреге бірінші болып келу емес, берілген тапсырманы тиянақты орындау. Біздің ұйым мұндай ойынды бірінші рет ұйымдастырып жатыр, — деді Астана әкімдігінің «Астана жастары» КММ басшысы Үкібай Нүрпейісов.

Жалпы биыл квест ойыны 2 рет ұйымдастырылады. Бірінші ойынға Астананың оқушы, колледж студенттері қатысып жатса, ал екінші ойынға жоғары оқу орындарының студенттері, жұмыскер жастар қатысады.

Astana city quest ойындарының бірінші ойындарының қорытындысы бойынша Астана мектептерінің арасында бірінші орынды Spectrum мектебі, екінші орынды №28 мектеп, үшінші орынды №65 мектеп-гимназиясы иеленді.

Ал колледждер арасында бірінші орынды Еуразия гуманитарлық институты колледжінің, екінші орынды Астананың сауда-экономикалық колледжінің және үшінші орынды М.Тынышбаев атындағы Ақмола көлік колледжінің студенттері жеңіп алды.

Бәрін өте тамаша болды. Өте жақсы ұйымдастырылған. Қатысушылардың бәріне бұл квестке қатысу қызықты болды. Біз Астананы толықтай аралап мәдени орындарын, ескерткіштерін, музейлерді, көне ғимараттарды іздедік. Әрине, күннің салқын болғаны біраз қиыншылық туындатты. Алайда біз қалың киініп шығып, барлық тапсырмаларды уақытылы орындап, жеңіске жеттік, — дейді Spectrum тобының капитаны Болат Әріби.

Команданы колледждегі белсенді жастардың арасынан жинадық. Бүгінгі ойындар өте қызықты әрі жоғарғы деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға, Астананың әкімдігіне, бізді қолдаған колледж басшылығына үлкен алғыс білдіреміз. Күннің суығына қарамастан көтеріңкі көңіл-күйде бүгінгі күнді көңілді аяқтадық, — дейді Еуразия гуманитарлық институты колледжінің «А» командасының капитаны Дәулет Әбілдай.

Айта кетерлігі, Astana city quest ойындарына №65 мектеп-гимназиясының Қазақстан бойынша балалар мен жасөспірімдер арасында спорттық туризмнен өтетін «Туристік көпсайыстан» Республикалық чемпиондар «Штурм 65» тобы қатысты. Топтың жетекшісі география пәні мұғалімі Бекзат Рахымбековтың айтуынша, топ қазіргі уақытта республика көлемінде екінші орында тұр. Қазан айының ортасында Шымкентте өтетін қорытынды ойындарға белсене дайындық жүргізіп жатыр екен.

Квест басталғанда басында түсінбей жүрдік. Сосын жүйесін түсініп алғаннан соң бәрін тез-тез орындап мәреге келдік. Барлығы 25 тапсырма болды. Соның ішінде біз барлығын дұрыс орындадық. Бүгін мектептер арасында үшінші орын алдық. Біраз шапшандық жетпей қалды. Алайда алда өтетін Республикалық сайыста барымызды салып жеңімпаз атануға тырысамыз, — деді Астананың №65 мектеп-гимназиясының «Штурм 65» командасының капитаны Мейірман Сағынтай,

Айта кетерлігі, екі квест ойынының жалпы ұтыс қоры — 600 000 теңге. Жеңімпаздар бірінші, екінші және үшінші орындарға бөлінді. Сонымен бірге үздік шыққан қатысушыларға «Үздік ойыншы», «Үздік капитан» номинациялары бойынша сыйлықтар табысталды.

Енді келесі Astana city quest ойыны 14 қазанда Астананың орталық саябағында жоғарғы оқу орындарының студенттері мен жұмыс істейтін жастар арасында жалғасады.

                                                                                             Айнұр МАРАТ