Есен Елеукен Президенттің жаңа Жолдауы несімен ерекше болғанын айтты

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына 5 қазанда арнаған Жолдауы өзінің тікелей эфирдегі диалог форматымен ерекшеленді. Елбасы алдағы стратегиялық міндеттерді айтып қана қоймай, мемлекеттік басқарудың орталық органдары басшыларынан маңызды міндеттердің орындалуын жеке-жеке сұрап, талап етіп отырды. «Қазақстан КВН Одағы» республикалық бірлестігінің төрағасы, Tamasha TV ойын-сауық телеарнасының директоры Есен Елеукен Президенттің жаңа Жолдауына қатысты пікірін осылай білдірді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын тыңдадық. Жылдағыдан өзгеше. Елбасы Жолдауды оқып, оны түсіндіріп қана қоймай, бұған дейінгі атқарылған жұмыстардың, берілген тапсырмалардың қалай орындалып жатқанын министрлерден бастап әкімдерге дейін тік тұрғызып, бүге-шігесіне дейін сұрады. Жиын осынысымен де ерекше болды. Жолдаудағы нақты тапсырмалардың халықтың әл-ауқатын көтеруге, елдегі нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталып отырғаны қуантты, — дейді Tamasha TV ойын-сауық телеарнасының директоры.

Есен Елеукен Президенттің жаңа тапсырмалары бюджеттік сала қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге нақты серпін беретінін айтты.

Ұстаздардың мәртебесін арттыру туралы заң қабылданатын болды. Демек, енді ұстаздар қауымына деген көзқарас өзгереді. Олар қолбала тірліктен құтылып, тек бар күш-жігерін ұрпақ тәрбиелеуге арнайды. Қуанарлық жағдай. Сонымен бірге дәрігерлердің жалақысын көтеру жөніндегі айтылған тапсырма да өте орынды. Полиция мен сот қызметін жетілдіру қажет. Бірінші кезекте адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету деп сіз бен біздің ұйқымыз тыныш болуын да баса айтты. Жолдауда ауыл жағдайы да ұмыт қалмады. Елбасы «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет» деді. Бұйырса, енді «Ауыл — ел бесігі» атты жоба жүзеге асады. Тағы бір жаңалық — Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл — біз үшін аса қуантарлық жаңалық, — дейді Есен Елеукен.

Еске салайық, бүгін — 5 қазанда Қазақстан Президенті «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауын жария етті.