ҚазҰУ Web of Science Core Collection басылымдарындағы көшбасшы атанды

ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналмақшы.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми мақалалар саны бойынша Қазақстанның ғылыми-зерттеу ұйымдары мен жоғары оқу орындарының арасында бірінші орын иеленді. Бұл туралы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық университет Web of Science халықаралық дерекқорында рейтингтік журналдарда жарияланған мақалалар саны бойынша алда келеді.

Clarivate Analytics халықаралық компаниясы ҚазҰУ-ды «Web of Science Core Collection басылымдарындағы көшбасшы» номинациясымен марапаттады. Марапат ҚазҰУ-дың жетекші университет ретінде ғылым, білім және инновацияның алдыңғы қатарлы орталығы болып, халықаралық рейтингтік журналдарда ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоғары деңгейін көрсеткені үшін берілді.

ҚазҰУ ғалымдарынан дәйексөз келтірілген басылымдар саны жыл сайын 40%-ға өседі. Ғалымдардың айтуынша, бұл факт ҚазҰУ-дың әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуына толық негіз бола алады.

Айта кетейік, Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру — «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының бірі». Сонымен бірге Қазақстанның жоғары білім беру саласын дамыту туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да жазылған еді.

Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жас­тары­мыз басымдық беретін межелердің қатар­ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді, — делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында.

Web of Science Core Collection — әлемдегі ғылыми басылымдардың жетекші дерекқоры. Онда 18 мыңнан астам журнал индекстеледі, олардың 12 мыңнан астамының импакт-факторы бар.