Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алматы метросында қызға харассмент көрсеткен азамат қамалды

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Не болды?

Алматы метросында қызға қол жүгіртіп, харассмент көрсеткен ер адам 5 тәулікке қамалды. Бойжеткен әлеужелідегі жазбасынан кейін, арыз жазып, куәгерлер табылған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Threads желісінде Ажар есімді қолданушы харассментке тап болғанын айтып, жазба жариялады. Оның айтуынша, бейтаныс ер адам метро вагонында алдымен оның бөксесіне екі рет қол тигізіп, кейін «Алатау» станциясына жақындағанда қайта ұстаған.

Алғашында бөксемнен екі рет ұрды. Вагонда адам көп болғандықтан, біреудің сөмкесі тиіп кеткен шығар деп ойладым. Бірақ «Алатау» станциясына жақындағанда ол еш қысылмастан бөксеме қол жүгіртті. Мен бірден бұрылып, айғайладым. Қатты шошып, не істерімді білмедім. Ер адам саусағындағы неке жүзігін көрсетіп, «мен үйленген адаммын» деп жымиып тұрды. Телефонымды алып суретке түсірмек болғанымда, бетін жауып, вагоннан шығып кетті, – делінген жазбада.

Threads, метро, харассмент
Фото: Threads

Жәбірленушінің сөзінше, ол да вагоннан шыққанымен, күдікті қашып үлгерген.

Өкінішке қарай, қасымда тұрған адамның ешқайсы араша түспеді. Барлығы қарап тұрды. Вагоннан түскен соң не істерімді білмедім. Артынша екі куәгер табылды, – деп жазды бойжеткен.

Желі қолданушылары бірден арыз жазып, құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынды. Кейін бойжеткен ер адамның әрекетіне қатысты шағым түсіргенін айтты.

Алматы қаласының соты кінәлі ер адамды әкімшілік жауапкершілікке тартып, 5 тәулікке қамауға алғанын хабарлады.

Threads, метро, харассмент
Фото: Threads

Контекст

Естеріңізге салайық, биыл сталкиң бойынша 83, некеге мәрбүрлеу бойынша 19 қылмыстық іс қозғалды.

Мақалаға реакция