Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин еліміздегі білім беру мекемелері мамандарды нарық талаптарына сай дайындамайтынын, соның салдарынан студенттер өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүргенін айтты.
Еңбекпен қамту саласында жеткен жетістіктерімізбен қатар шешілмеген мәселелер де аз емес. Бұл біріншіден өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты. Мемлекет басшысы оларды есепке алу, көлеңкелі аймақтан шығару туралы тапсырма берді. Бұл салада үкімет орталық және жергілікті мемлекеттік органдар және депутаттық корпус бірлесе жұмыс істеуі қажет. Бүгінде депутаттар халықтың жұмысын формализациялау туралы заң жобасы бойынша жұмысқа кірісті, — деді ол.
Сонымен қатар Нұрлан Нығматулин қазіргі таңда білім беру мекемелері мамандарды нарық талаптарына сай дайындамайтынын, себебі кадр сұранысына терең талдау жасамайтынын айтты.
Білім беру бағдарламалары қазіргі талапты толық орындамай отыр. Сол себептен студент жастарға оқуын бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмыс табу қиын. Осы мәселені шешу үшін кадрларға деген мониторингінің тиімді жүйесін құру қажет деп есептейміз. Ол мемлекеттік тапсырысты дұрыс орындауға үлкен мүмкіндік береді, — деді Мәжіліс төрағасы.
Мәжіліс төрағасы елімізде шағын және орта бизнесті дамыта түсу қажет екенін айтты.
Қазіргі уақытта бизнес саласына тарту өте маңызды. Бұл жолда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жұмысты жүзеге асыруға болады. Бүгінгі таңда әсіресе ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуды және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды көздейтін «Бастау» бизнес жобасы іске асырылып жатыр. Аталған жоба арқылы әрбір азаматқа жеке кәсібін ашып, оның дамуына жағдай жасалып жатыр, — деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс спикері тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. Ол — Төртінші өнеркәсіп революциясы жағдайында жұмыс орындарының қысқаруы.
Осыған байланысты автоматтандыру және цифрландыру кезінде әлемде кейбір кәсіптердің 30%-ға жуығы қысқаруы мүмкін деген болжам бар. Бұл жолда еңбек ресурстарын басқару жүйесін қалыптастыру маңызды саналады. Осы жолда мемлекеттік органдар азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер бірлесе жұмыс жасауы қажет. Себебі, азаматтардың өмір сапасын жақсарту баршамыздың ортақ мақсатымыз, — деді ол.