Нұрлан Нығматулин жұмыспен қамту саласын заңмен қолдау шаралары туралы айтты

Мәжілісте жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты парламенттік тыңдауда палата төрағасы Нұрлан Нығматулин осы саланы заңнамалық қолдау шаралары туралы айтты.

Парламенттің төменгі палатасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мәжіліс төрағасы халықты еңбекпен қамту азаматтарды әлеуметтік қамсыздандырудың, өмір сапасын арттырудың және еліміздің одан әрі дамуының кепілі екенін айтты. Нұрлан Нығматулин бұл мәселеге Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ерекше көңіл бөліп келе жатқанын, сол себепті жаңа кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын еске салды.

Қазір елімізде экономика тұрақты дамып жатыр және барлық салаға оң импульс берілді. Осы уақыт ішінде 2 миллионнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, орташа жалақы 17 есе өсті. Бұл — біздің ең ірі жетістіктеріміздің бірі, — деді ол.

Мәжіліс төрағасы Президенттің жаңа кәсіпорындар ашу мен жұмыс орындарының санын көбейту бойынша нақты міндеттер қойып отырғанын және оны сапалы заңнамамен қамту Парламенттің негізгі міндеті екенін айтты. Ол «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» заңдық қолдауға ие болғанын, жаңа «Еңбек кодексі» мен «Халықты жұмыспен қамту туралы» және «Жұмыспен қамту және көші-қон туралы» жаңа заңдар қабылдағанын атап өтті. Бұл бағыт бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Парламенттік тыңдауға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев та қатысты. Тыңдауда еңбек нарығының жай-күйі, азаматтарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды формализациялау жөніндегі өзекті мәселелер талқыланып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов тақырыптық баяндама жасайды. Сонымен бірге парламенттік тыңдауды әзірлеу жөніндегі арнайы уақытша комиссия жетекшісі Айгүл Нұркина комиссия дайындаған жинақтық талдамалық есепті ұсынады. Жұмыспен қамту саласындағы өзекті мәселелер талқыланатын тыңдауға Сенат пен Мәжіліс депутаттарымен қатар аймақтық мемлекеттік органдардың басшылары, саяси партиялардың өкілдері, «Атамекен» ҰКП, жастар ұйымдары, білім беру, жұмыспен қамту орталықтары, шетелдік және отандық сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысып жатыр. Парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға ұсынымдар әзірленеді.