Нұрлан Нығматулин Мәжілістің басты міндеті не екенін айтты

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин жаңа сессия барысындағы басты міндетті атады.

Бүгін біз алтыншы сайланған Парламент Мәжілісінің төртінші сессиясының жұмысын бастап отырмыз. Елбасы бірінші қыркүйекте осы сессияны ашып, еліміздің даму жоспарына сәйкес, нақты тапсырмалар берді. Біздің басты мақсатымыз — Президенттің жүктеген міндеттерін өз уақытында сапалы заңдармен қамтамасыз ету. Оның ішінде Мемлекет басшысының жаңа тапсырмаларына орай әлеуметтік жағдайды жақсартуды одан әрі күшейтуге, экономиканы дамытуға және ұлттық рухани байлықты сақтауға ерекше көңіл бөлеміз, — деді Нұрлан Нығматулин жалпы отырыс кезінде.

Оның сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде Парламент қарауында 50-ден астам заң жобасы бар. Олардың арасында «Мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары мәселелері туралы», «Табиғи монополиялар туралы» маңызды заң жобаларымен қатар,  денсаулық сақтау, көлік, мемлекеттік сатып алулар, АӨК-ті реттеу, сонымен қатар меншік құқығын қорғауды күшейту туралы заңнамалық түзетулер, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, кинематографияға қатысты құжаттар қамтылған.