Астанада тағы үш көпір салынады

Әкімдік қаланың көлік жүйесін жаңғырту мақсатында ең алдымен әлеуметтік бағыттағы бағдарлама әзірлеген. Бұл туралы брифингте көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқарма басшысының орынбасары Әлихан Қуатбеков айтты. Оның айтуынша, алдағы бес жылда Астанада жаңадан үш көпір салынады.

Алдағы бес жылда 121 шақырымды құрайтын жол және үш көпір мен екі жолайрық салу жоспарланып отыр. Оның бірі — жолөтпе, бірі — тоннель.  Бұл магистральдық көшелердің көлік өткізу қуатын арттырады, — деді Әлихан Қуатбеков.

Сонымен қатар ол, өткен үш жылда Астанада 110 шақырымдық жаңа жол салынғанын, 102 шақырымдық жол жөнделгенін  айтып өтті.

Жыл соңына дейін 28 шақырым жаңа жолдың құрылысы аяқталады.

Қазір Астанада 1 102 шақырымды құрайтын 1 039 көше бар және сегіз көлік айрығы, 17 автожол көпірі, жеті жерасты және төрт жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі, тоғыз жолөтпесі, бір тоннель бар.

ДереккөзAstana.gov.kz