Биыл грантқа үмiттi түлектердiң 80%-ға жуығы қазақ мектебiн бiтiрген

Бұл туралы бүгiн білім гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның отырысында Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев мәлiм еттi, деп хабарлайды BNews.kz.

Жалпы, биыл 31 702 грант бөлiнген. Оның iшiнде 2 950 орын жоғары оқу орындарының дайындық бөлiмшелерiне, 28 752 грант күндiзгi бөлiмге қарастырылған.

«Биыл мемлекеттiк тапсырысты қалыптастыру елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының стратегиялық басымдықтарына негiзделдi. 12 593 грант техникалық және технологиялық, 5 мыңға жуық грант педагогикалық, 2 690 грант ауыл шаруашылығы және ветеринарлық, 3 мың грант медициналық мамандықтарға бөлiндi. Бiлiм гранттарын орналастыру мүмкiндiгiне биыл 87 жоғары оқу орны ие болды. Былтыр олардың саны 64 болатын. Бұл оқу орындарының тiзiмi конкурстық негiзде анықталды», — деп хабарлады Ерлан Сағадиев.

Биыл елiмiзде ұлттық бiрыңғай тестiлеуге 84 041 оқушы қатысып, 69 789 адам сынақты сәттi тапсырған. Орташа балл — 81,2. Ал 74 881 адам кешендi тестiлеуден өтiп, олардың 27 743-i шектi бал жинады. Орташа балл – 39,9.

«Осылайша, ұлттық бiрыңғай тестiлеу мен кешендi тестiлеу қорытындысы бойынша 97 532 адам жоғары оқу орындарына түсу құқығына ие болды. Бiлiм гранттарын тағайындау конкурсына 59 677 адам қатысып жатыр. Оның iшiнде 47 342 адам, яғни 80 пайызға жуығы қазақ тiлiнде, 12 335 адам орыс тiлiнде оқыған», — деп атап өттi министр.

Сонымен қатар білім гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссия бүгiн жұмысын бастады. Комиссия мүшелерi 12 тамызға дейiн жұмысын қорытындылап, грант иелерiн жариялайды.

«Білім гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссия 4-8 тамыз аралығында жұмыс iстейдi. 12 тамызға дейiн қорытынды шығарылып, БАҚ беттерiнде жарияланады», — дедi бүгiн комиссияның алғашқы отырысында Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев.

ДереккөзBnews.kz