Алматыда мектеп мұғалімдері діни біліктілігін арттырып жатыр

Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының тапсырмасымен қалалық ішкі саясат басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығы мектеп мұғалімдерінің діни сауаттылығын, біліктілігін арттыру мақсатында арнайы курс ашты.

Діни тақырыпта әлі оң-солын ажырата алмайтын мектеп оқушыларын оқыту — өте жауапкершілікті іс. Сондықтан олармен күнделікті жұмыс істеп жүрген мектеп мұғалімдеріне дінтану бойынша білімін арттыруға арналған «Зайырлылық және дінтану негіздері» атты 72 сағаттық курсы өткізіліп жатыр, — деді Алматы Ішкі саясат басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығы басшысының орын­­басары Нұрболат Айекешев.

17 қыркүйектен бастап курста 30 мұғалім оқытыла бастады. Курсқа қатысушылар 18 қыркүйекте католик, 19 қыркүйекте православтар шіркеуіне барса, 19 қыркүйекте Орталық мешітке барып сұрақтарына жауап алды. Олар 10 қазанда курстағы соңғы сабағын өткізбекші.

Осындай шаралар халықтың радикалдануын азайтып, балалардың кез келген нәрсенің ақ-қарасын ажырата алауына көмектесетініне сенеміз. Барлық экстремизм мен терроризмге қарсы өткізілген шаралар бізді біріншіден толеранттылыққа, ұлттық біліктілікке және сыни ойлауға шақырады. Осы құндылықтарды ескере отырып, қоғам тыныш өмірді, жастарға тұрақты болашақты таңдайды, — дейді Нұрболат Айекешев.

Курс Алматы білім басқармасы біліктілікті арттыру және кадр даярлау институтының базасында өтіп жатыр. Айта кетейік, 2018 жылдың 16-18 мамырында институт базасында 48 мұғалім діни біліктілікті арттыру туралы сабақ алған еді.