Басты бетЖаңалықтар"Астана Банкі"...

«Астана Банкі» лицензиясынан айырылды

ҚР Ұлттық банкі «Астана Банкі» акционерлік қоғамын лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Тиісті №214 қаулы 2018 жылдың 18 қыркүйегінде қабылданған.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасының 2018 жылғы 18 қыркүйектегі №214 қаулысына сәйкес, «Астана Банкі» АҚ-ты «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы заңының 48-бабы 1-тармағының в), г) және м-1) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша төлем және аудару операциялары бойынша шарттық міндеттемелерін жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ішінде үш және одан да көп рет), пруденциялық нормативтерді және (немесе) орындалуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік 12 күн ішінде үш және одан да көп рет) бұзғаны, сонымен қатар банктің ірі қатысушысының уәкілетті органның үстеме капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамағаны үшін банктік және өзге де операцияларды жүргізуге Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Банкке 2015 жылғы 20 сәуірде берген № 1.1.32 лицензиядан 2018 жылғы 19 қыркүйектен бастап айыру туралы шешім қабылданды, — делінген хабарламада.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, банктің активтері мен міндеттемелерінің банк секторының активтері мен міндеттемелеріндегі үлесінің төмен болуына байланысты (1%) «Астана банкін» лицензиядан айырудың басқа қаржы ұйымдар үшін қаупі болмайды.

Ұлттық банк төрағасының 2018 жылғы 18 қыркүйектегі №352 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған «Астана Банкінің» барлық басқару органының өкілеттіктері өтті. Банктің уақытша әкімшілігі өз қызметін Банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейінгі кезеңде жүзеге асырады. Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шығыстарға, Банкке түскен ақшаны есепке алуға байланысты жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және Банктің өзінің банктік шоттары бойынша барлық операция 2018 жылғы 19 қыркүйектен бастап тоқтатылды.

Ұлттық банк заңнамада белгіленген тәртіппен сотқа «Астана Банкі» қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы өтінішпен жүгінгелі отыр. Сот банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғаған күннен бастап оған жұмсалған шығыстарға байланысты талаптарды қоспағанда, кредиторлардың банкке талаптары тарату ісінде ғана ұсынылады.

Банк — жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы, соған байланысты депозиторларға белгіленген тәртіппен кепілдік өтемақысы төленеді. Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлық туындаған сұрақ бойынша уақытша әкімшіліктің басшысы Джемма Мұхамбетқызы Зинуллинаға +7 (727) 259-60-60 телефон нөмірі бойынша өтініш жасауға болады.