Нұрсұлтан Назарбаев Астананың жаңа әкіміне тапсырмалар берді

Нұрсұлтан Назарбаев Астананың активімен кеңес өткізді. Кездесу алдында қалалық мәслихаттың сессиясы өтті. Онда депутаттар жаңа әкім Бақыт Сұлтановтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев Әсет Исекешевті Президент әкімшілігінің басшысы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, жаңа жауапты қызметіне табыс тіледі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әсет Исекешевтің кәсіби біліктілігі мен жеке қасиеттерін атап өтіп, оның елорданы дамыту жолында атқарған жұмысының нәтижелеріне тоқталды.

Президент Астананың жаңа басшысына сенім білдірді.

Мен елорда әкімін тағайындау мәселесіне зор мән беремін. Қаланы дамыту ісі, соның ішінде Астанадағы бүкіл нысандардың құрылысы үнемі менің жеке бақылауымда. Бұл – мен үшін маңызды басымдық. Бақыт Сұлтановтың мемлекеттік басқару ісіндегі тәжірибесі мол әрі ұйымдастырушылық қабілеті жеткілікті, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Астананың жаңа басшылығы алдында тұрған бірқатар басымдығы бар міндеттер қандай екенін айтты.

Дамудың жаңа моделін енгізу қажет. Инновацияны ілгерілету және креатив адамдардың көбеюі үшін қолайлы орта қалыптастырған жөн. Сол үшін қаланың 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Астананы іскерлік қаржы хабы ретінде дамытуды жалғастыру қажет екенін айтты. Сонымен бірге жаңа тұрғын үйлер салу, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік нысандар тұрғызу мәселелеріне ерекше назар аударды. Президент қаланың инфрақұрылымын дамыту қарқынын сақтаудың және шаһарды газбен қамту үшін дайындық жұмыстарын жүргізу керек екенін де айтты.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев елорданың туристік әлеуетін дамыту ісінде әлемнің үздік тәжірибелерін қолдануды тапсырып, қаланың барлық мемлекеттік құрылымының жұмысын трансформациялауды жалғастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және цифрландыру бағдарламасын іске асыру мәселелерін Астананы одан әрі дамытудың басымдықтары ретінде ерекше атап өтті.