Екібастұздағы көмір разрезі
Фото: Primeminister.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев еліміздің өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Бүгін ол Павлодар облысына барды, онда Үкімет басшысы облыс жұртшылығымен және активімен өтетін кездесулер барысында өзекті мәселелер мен өңірде өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы қызметтердің сапасын арттыру шараларын талқылайды.

Сапар барысында әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылым нысандарын аралау көзделген. Премьер-министр Президенттің “Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік”, “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” жолдауларының, “Бес әлеуметтік бастамасының” және мемлекеттік-салалық бағдарламалар аясында алға қойған міндеттерінің орындалу барысымен танысады.

Бақытжан Сағынтаевтың Павлодар облысына сапары Екібастұздан басталды. Мұнда Премьер-министр “Еуроазиат энергетикалық корпорация” АҚ (ERG) құрамына кіретін “Восточный” көмір разрезін аралау барысында өңірдің 2018-19 жылдардағы жылыту маусымына дайындығымен танысты.

Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша көмір өндіру көлемінің 3,5%-ға өскені байқалатынын айтты. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының қажеттіліктеріне жұмсалатын көмір қоры шамамен 120 000 тонна болады. Облыстың қалалары мен аудандарының отын базаларында халыққа арналған шамамен 18 000 тонна көмір бар. Қазіргі таңда облыста көмір тапшылығы байқалмайды, көмір – еркін сатылымда. Халыққа көмір жеткізумен 300-ден астам жеке кәсіпкер айналысады. Жеткізу алшақтығына, түріне және сұрыпына қарай көмірдің бөлшек құны бір тоннасына 6700 теңгеден 17 000 теңгеге дейін, соның ішінде тасты түрі тоннасына 6 700–10 500 теңге аралығында және қоңыр көмір 11 500–17 000 теңгеге дейінгі аралықта сатылады.

Әлеуметтік саланың қазандық нысандарына қалалар мен аудандардың әкімдіктерінің бюджеттерінде 183,3 мың тонна көлемінде қатты отынды сатып алуға 1,376 миллиард теңге сомасында қаражат қарастырылған. Бүгінгі таңда тұтыну орындарына 176 мың тонна жеткізілді. 20 орталық қазандыққа 47,7 мың тонна көмір жеткізілді. Көмір жеткізу жұмысы кестеге сәйкес орындалып жатыр.

Нысанды тексеру барысында “Еуроазиат энергетикалық корпорация” АҚ президенті Валерий Гриненко Қазақстанда өндірілетін энергетикалық көмірдің 20%-ға жуығы “Восточный” көмір разрезіне тиесілі екенін айтты. Мұнда әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет шектеулі көлденең қуаты бар көмір қабаттарының еңіс жайғасуы кезінде үстіңгі технологиялық кешенге конвейерлік көлікпен көмір өндірудің толассыз технологиясы жобаланып енгізілді. Көмір тұтынушыларға жіберілмес бұрын өңдеуден өтеді. 

Бақытжан Сағынтаев өндірістік процестің технологиялық желісімен танысып, елімізде теңдесі жоқ жаңа өнеркәсіптік нысанды – қуаты жылына 10 миллион текше метр болатын циклді-толассыз аршыма тау жыныстары кешені жобасын іске қосты. Оны пайдалануға беру еңбек өнімділігін арттырады, көмір қабаттарының ашылуын қамтамасыз етеді және қазу жұмыстарына дайын көмірдің көлемін едәуір арттырады, ал соның нәтижесінде көмір кәсіпорнының бәсекеге қабілеттілігі артады.

Біз биыл 18 миллион тонна қатты отын өндіруді көздеп отырмыз, бұл 2017 жылы тұтынушыларға жеткізілген көлемнен бір млн тоннаға артық. Көмір қазу жұмыстары өнімділігі жоғары заманауи машиналар арқылы іске асырылып жатыр. Өндірісті технологиялық жарақтандыру деңгейі жыл сайын артып келеді, ал бұл өндірілетін көмір сапасын арттыруға және еңбек қауіпсіздігі деңгейін жақсартуға жол ашады, – деді Валерий Гриненко.

Екінші кезеңнің құрылысын алдағы бірнеше жылда жүргізу жоспарланып отыр, құрылыстың соңғы үшінші кезеңі жылына 20 миллион текше метр жылдық өнімділікке қол жеткізумен 2027 жылға ауыстырылды. Іс жүзінде барлық жұмысты отандық мердігер ұйымдар және ЕЭК қызметкерлері орындады. Барлығы 300-ден астам жұмысқа адам тартылды.

Айта кету керек, жоба экологиялық таза технологияларды енгізуді, басқаруды автоматтандыруды кеңейтуді, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды және табиғатты қорғау шараларының тиімділігін арттыруды көздейді.

Облыс әкімдігінің мәліметіне қарағанда, өңірдің энергетикалық кешені жалпы қуаты 8 400 МВт болатын 7 жылу электр станциясынан тұрады. 2017 жылы энергия көздерімен 41,35 миллиард кВт/сағат электр қуаты өндірілген. Биылғы 8 айда бұл көрсеткіш 30,5 миллиард кВт/сағатты көрсетті, бұл былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,4% болып отыр. Павлодар облысының электр тұтыну көлемі – 12,7 миллиард кВт/сағат, бұл – өндірілетін жалпы электр қуаты көлемінің 41,6 %-ы. Қалған электр қуатының 14,05 миллиард кВт/сағаты (46%) көлемін Павлодар облысы еліміздің басқа аймақтарына жеткізсе, Ресейге 3,75 миллиард кВт/сағат (12,3%) көлемін экспорттайды.

Еске сала кетейік, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұған дейін жұмыс сапарларымен Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында болды.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!