Болат Ғазизұлы Аюханов 1938 жылы Семейде дүниеге келді. Соғыстан кейінгі жылдары отбасы Алматыға көшіп келді де, 1955 жылы Аюханов Алматы хореография училищесін бітірді. Одан кейін екі жыл Ленинград хореография училищесінде тәжірибеден өтті.

Ол еңбек жолын 1957 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет артисі болып бастады. Ал 1959-1964 жылдары А.В. Луначарский атындағы Мәскеу мемлекеттік театр өнер институтының хореография бөлімінде білім алды. Алматыға қайтып келісімен 26 жасында Алматы хореография мектебін басқарады. Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында хореограф болып жұмыс істеп жүріп, ол жетекші балерина Инесса Манскаямен бірге өздері ұйымдастырған «Екі актер театрында» өнер көрсетеді.

1967 жылы Алматы Жастар балетінің көркемдік жетекшісі болады. Кейін осы театрдың бағдарламасына «Екі актер театры» спектакльдерінің көбі кірді. Сонда балетмейстер бір мезгілде орындаушы, мұғалім, жетекші әрі әнші ретінде қызмет етті. Алматы Жастар балетіне 2003 жылы ҚР Мемлекеттік академиялық би театры атағы берілді. Болат Аюханов өзі құрған Жастар театрының мүшелерін шетелдерге гастрольдік сапарларға алып шығып отырды.

"Дұшпан, тоғызыншы ұлыңнан қорық" фильмінен.
«Дұшпан, тоғызыншы ұлыңнан қорық» фильмінен. Фото: KinoDisk.com

Балетмейстер 1965 жылдан 2010 жылға дейін Қазақстан композиторларының музыкасына 30-дан астам театр қойылымын қойған. Оның қойылымдарын Еуропа, Азия, Солтүстік Америка жұрты да тамашалады.

Артистің «Қыз Жібек», «Гамлет», «Кармен-сюита», «Шыңғысхан», «Болеро», «Қазақ сувенирі», «Батырлар» және басқа да қойылымдары — қазақ балетінің алтын қорына енген спектакльдер.

Болат Аюханов «Дұшпан, тоғызыншы ұлдан қорық», «Әлсіз әйелдің оқиғасы», «Мадам Вонгтың құпиясы», «Несібелі», «Айдай сұлу Айсұлу туралы аңыз», «Қараңғылық мырзасы» фильмдерінде де ойнады.

Болат Аюханов — өнертану ғылымдарының докторы, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, «Халықаралық ақпараттандыру академиясы» қоғамдық ұйымының мүшесі. Ол «Менің балетім»(1988), «Сезім биографиясы» (2000), «Балет витражы» (2005) кітаптарының, 100-ден астам мақаланың авторы. Артист қазақ, орыс, түрік, литва, ағылшын және украин тілдерін біледі.

Болат Аюханов Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстанның «Платиналы Тарлан» тәуелсіз отбасылық клубының марапатының, «Фомгед» Халықаралық би фестивалінің (Түркия) алтын медалінің, сонымен қатар мәдениет және өнер саласындағы халықаралық Сократ сыйлығының иегері.

Болат Аюханов. 1976 жыл
Болат Аюханов. 1976 жыл. Фото: Сaravan.kz

Болат Аюханов қазақ балетін биік деңгейге дейін жетілдіруді армандады. Өз шығармашылығына ешқашан көңілі толмағанымен ол ұлттық балеттің ұзақ тарихи жолын қалыптастырып, дамыта алды. Оның өмірдегі ең басты жетістігі сол — мектебі, өзі тәрізді асқан кәсіпқой, биік талапшыл шәкірттерінің буын-буын болып тууы, олардың жарқын шығармашылық жолының жалғасуы.

Мейірімді де тамаша Болат Ғазизұлы Аюхановты 80 жасымен құттықтаймын. Ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, амандық, жанның жарқын рақатын, жүректің ізгі үмітін, туыстардың шынайы қамқорлығы мен махаббатын, сергек көңіл-күй мен оптимизм тілеймін. Сізге Қазақстанның өнері мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесіңіз үшін рақмет! Біз еңбегіңізді ешқашан өтей алмаймыз. Сіз бойыңыздағы ең тамаша дүниені — тәжірибеңізді, даналығыңыз бен біліміңізді жұртқа бөліп беру үшін тынбай еңбек етіп келесіз. Мен Болат Ғазизұлын бала кезімнен — училищеде оқып жүрген күнімнен білемін. Бәрімізге жастайымыздан кеңесін берді. Қазір мені білмеуі мүмкін, бірақ ол маңызды емес. Сізге көп рақмет, Болат Ғазизұлы! Мерейтойыңыз құтты болсын! — дейді Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі Рүстем Иманғалиев.

Болат Аюхановтың 80 жасы мен ҚР Мемлекеттік би театрының 50 жылдық мерейтойы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында 16 қыркүйек күні сағат 18.00-де аталып өтеді. Артистің туған күніне әлемдік балет сахнасының танымал жұлдыздары — Штутгарт балетінің прима балеринасы Мария Эйхвальд (Германия), Эссен балетінің прима балеринасы Юлия Цой (Германия), Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі Надира Хамраева және Ә.Науаи атындағы Өзбекстан мемлекеттік академиялық үлкен театрының прима-балеринасы Улугбек Олимов арнайы келеді.

Үлкен мерейтой кешіне ҚР еңбек сіңірген артисі Ринат Мусин мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Кокшинова, Абай атындағы опера және балет театрының жетекші солисі Азамат Асқаров және басқа да қазақстандық артистер қатысады.