Нұрсұлтан Назарбаев: Қытай Қазақстандағы индустрияландыруға белсене қатысып отыр

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Қытай бизнес форумына үндеу жолдады. Шара Астанадағы Rixos Almaty қонақүйінде өтіп жатыр.

Қазақстан тәуелсіз ел болғалы бері екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар қарқынды дамып келеді. Қытай Халық Республикасы — біздің сыртқы саудадағы ірі әріптесіміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша сауда айналымы 32 процентке өсіп, 10 миллиард АҚШ долларына жетті. Ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде Қытай елінен келген тікелей инвестицияның көлемі 15 миллиард доллардан асты. Қытай компаниялары Қазақстанның ірі жобаларын іске асыру жолында негізгі серіктестерінің бірі болып келеді. Олар біздегі индустрияландыру процесіне белсенді қатынасып отыр. Осының бәрі өзара сенімге негізделген екі жақты қатынастардың дұрыс бағытта дамып келе жатқанын білдіреді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев бейнеүндеуінде.

Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстанда бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асты. Соның ішінде «Қорғас» құрғақ порты, Ақтау порты, Қазақстан — Түрікменстан — Иран теміржолы, Батыс Еуропа — Батыс Қытай xалықаралық дәлізі бар.

Қытайдың жүктері Қазақстан арқылы Еуропаға шамамен 15 күннің ішінде жеткізіледі. Ал теңіз жолымен оған 4-6 апта кететін еді. Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақ аясында басқа да маршруттар салынып жатыр. Индустрия мен инвестициялар саласында бірлескен бағдарлама бар. Соның аясында Қазақстан мен Қытайдың 51 жобасы қолға алынды. Оның жалпы құны 27 миллиард доллардан асады. Осының өзі инвесторлар тарапынан сенімнің бар екенін, Қазақстанда инвестициялық климатты жақсартуға ерекше көңіл бөлінетінін көрсетсе керек. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша біз осы аймақта бизнесті жүргізу жағынан көш бастап тұрмыз. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының инвестициялар комтетіне кіреді. Бұдан бөлек, біз xалықаралық инвестициялар декларациясына қосылдық. Шетелдік инвесторлар кеңесі жұмыс істеп келеді, — деді Назарбаев.

Мемлекет басшысы жекешелендіру науқаны аясында және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде де ортақ жобаларды қолға алуға болатынын жеткізді.

Бізде «Астана» халықаралық қаржы орталығы бар. Ол жерде Лондон, Сингапур, Дубай мен Нью-Йорктың озық тәжірибесі жинақталған. Тәуелсіз сот, xалықаралық арбитраж, судьялар ашықтық пен әділдікке кепілдік бере алады. Инвесторлардың құқықтары толығымен қорғалады, — деді Қазақстан Президенті.

Айта кетейік, аталған шара «Бір белдеу — бір жол» бастамасының бес жылдығына арналып отыр. Оны Қытай басшысы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған сапары кезінде жариялаған болатын.

ДереккөзInform.kz