Басты бетЖаңалықтарАзиаданың 10-күні:...

Азиаданың 10-күні: Қазақстан құрамасында медаль саны 47-ге жетті

Индонезияның Джакартасы мен Палембангында өтіп жатқан 2018 жылғы Жазғы Азия ойындарында оныншы жарыс күні аяқталды.

Сейсенбі — 28 тамыз күні қазақстандықтар төрт медаль жеңіп алды: көркем гимнастикадан Алина Әділханова жекелей көпсайыста алтын медальға, жеңілатлет Маргарита Мұқашева 800 метрге жүгіруден күміс медальға, синхронды жүзу шеберлері Екатерина мен Александра Немичтер және жеңілатлеттер командасы (Светлана Голендова, Элина Михина, Дмитрий Коблов, Михаил Литвин) 4×400 метрлік аралас эстафетадан қола медальға қол жеткізді.

28 тамыз күні жүлде бұйырмаған спортшыларымызға келсек, садақшы Ильфат Абдуллин қола медальға таласта индонезиялық қарсыласынан жеңілді.

Велотректен де төртінші орын алдық. Командалық жарыста жапон спортшылары қазақстандықтардың алдын орап кетті.

Жеңілатлет Ольга Сафронова 200 метр қашықтыққа жүгіруден 29 тамыз күні болатын Азиада финалына жолдама алды. Бұған дейін ол 100 метрге жүгіру бойынша финалда 6-орын алған еді.

Бокста тағы да жолымыз болмады. Саматәлі Толтаев, Азат Махметов және Сәния Сұлтанқызы ¼ айналымнан аса алмады. Асланбек Шымбергенов (69 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) қана жартылай финалға өтіп, қандай да бір медаль жеңіп алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Азия ойындарының 10-күнінен соң Қазақстан құрамасы барлығы 47 медальға ие: 8 алтын, 9 күміс және 30 қола жүлде. Жалпыкомандалық есепте еліміз 11-орында. Азиадада Қытай құрамасы 206 медальмен (97 алтын) бірінші, Жапония 142 медальмен (43 алтын) екінші және Оңтүстік Корея 118 медальмен (32 алтын) үшінші орында келеді.