41 медаль: 2018 жылғы Азиаданың сегізінші күнінің қорытындысы

Индонезияда өтіп жатқан 2018 жылғы Жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы үшін сегізінші жарыс күні аяқталды.

26 тамыз Қазақстан спортшылары үшін сәтті күн болды. Құрама бір алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды.

Алтын медальді джиу-джитсер Руслан Исраилов, күміс медальді каратэші Дидар Әмірәлиев және қола медальді жеңілатлет Элина Михина иеленді.

Ұлттық Олимпида комитетінің мәліметінше, 26 тамыз күні спорттық құзға өрмелеу шеберлері Азия ойындарында үздік бестікке енді. Финалдық кезеңге өткен Ришат Хайбуллин төртінші, Әсел Марленова бесінші орынға табан тіреді. Спорттың бұл түрі Азия ойындарының бағдарламасына биыл енген болатын.

Садақ атудан Қазақстан командасы блоктық жарыста (компаунд) ширек финалға дейін жетті.

26 тамыз күні стенд атушылар да финалда өнер көрсетті. «Скит» бағдарламасында сынға түскен Ольга Панарина 4-орынды, Александр Мухамедьянов 5-орынды иеленді.

Бес боксшымыз Азия ойындарының ширек финалына жетті. Олар – Асланбек Шымбергенов, Азат Махметов, Саматәлі Толтаев, Назым Қызайбай және Сәния Сұлтанқызы.

Жағажай волейболынан бақ сынаған Ирина Цимбалова мен Татьяна Машкова жұбы жартылай финалда жеңіліп қалды. 27 тамыз күні олар Индонезия құрамасымен қола медальға таласады.

Жеңіл атлеттер Михаил Литвин, Александра Виноградова және Ольга Сафронова финалда сүрінді.

400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Дмитрий Коблов финалдық кезеңге жолдама алды.

26 тамыздағы жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында қазір 41 медаль бар: 5 алтын, 8 күміс және 28 қола.

25 тамыз, яғни Жазғы Азия ойындарының жетінші күні Қазақстан төрт медаль жеңіп алған еді — джиу-джитсер Дархан Нортаев алтын, каратэші Данияр Юлдашев, жеңілатлет Иван Иванов және джиу-джитсер Ризат Мақашевтар қола медаль иеленді.

Еске салайық, Индонезияда өтіп жатқан Азиадада Қазақстанға алтын медальді джиу-джитсерлер Дархан Нортаев пен Руслан Исраиловтан басқа, семсерлесуші Дмитрий Алексанин мен велоспортшы Алексей Луценко (2 мәрте) алып берді.