Қазақстанда үш тәулік бойы жаңбыр жауады

25-27 тамыз күндері солтүстік облыстарда нөсер жауады. Бұл туралы «Қазгидрометтің» баспасөз қызметі хабарлады.

Мамандардың мәліметінше, жоғары циклонмен байланысты белсенді бұлтты массив Қазақстанның солтүстік аудандары үстіне орналасты. Алдағы үш тәулікте осы циклонның ықпалынан солтүстік, орталық және шығыс облыстарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, найзағай кезінде қатты дауыл тұрып, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.

Сенбі-жексенбі күндері солтүстік облыстардың кей жерлерінде нөсер жаууы мүмкін. Бұл күндері республиканың қалған аумағында жауын-шашын аз болады, ал ауа температурасы осы кезеңде көпжылғы норма шамасында және кей жерлерде нормадан 2-4 градусқа төмен болады.