Кәсіпорындарды цифрландыратын құзыреттілік орталықтар құрылады

Бұл туралы «Бәсекеге қабілетті бизнес – бәсекеге қабілетті экономика» атты бизнес өкілдерімен кездесу кезінде ҚР ИДМ Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары Құралбай Бұхарбаев мәлімдеді.

«Біз қазір «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Осы бағдарлама бойынша жыл сайын автокөлік жолын жөндеу және жаңғырту бойынша белгілі бір көлемдегі қаражат игеріледі. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолы — осы бағыттағы ірі жобаның бірі. Сол сияқты, 304 км ұзындықтағы «Алматы-Қорғас» тас жолының құрылысы толық аяқталды. Сонымен қатар қазіргі уақытта Алматыдағы көлік жүктемесін жеңілдету мақсатында Алматының үлкен айналма жолы салынып жатыр. Мұнда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қолданылатын болады», — деді Құралбай Бұқарбаев.

Департамент өкілі инфрақұрылым аясында әуе хабарламалары дамып жатқанын, қазіргі уақытта мемлекет тарапынан Қазақстан ішіндегі 17 әуе бағыты қаржыландырылып, 13 жаңа халықаралық әуе хабарламасы ашылғанын да айтты.

«Қазір республика бойынша «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Осы аталған бағдарлама аясында біздің министрлік те компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып жатыр. Соның ішінде «Цифрлық Қазақстан» аясында жаңа Құзыреттілік орталықтар құрылады. Ол орталықтар кәсіпкерлер мен мамандарды өз салаларын цифрландыру бойынша жаңа бағыттар бойынша қамтамасыз ететін болады, яғни құзыреттілік орталықтар Қазақстанда бұған дейін болмаған жаңа бағыттар үшін ұйымдастырылады. Мысалы, тау-кен-металлургия кешенінің немесе кен орнының цифрлық әдіс бойынша жұмыс істеуі. Ол орындарды цифрландыру бізге не береді? Бұл шығын материалдарын, адам ресурстарын үнемдеуге, еңбек өнімділігінің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Қазақстан енді ғана енгізіп жатқан аддитивті технологиялар, 3D принтингтер пайда болады», — деді Құралбай Бұқарбаев.

 

ДереккөзBaq.kz