Метро, автобус пен такси қызметіне көңілі толмайтын, бірақ жеке автомобилі жоқ адамдар не істесе болады? Бір жерден екінші жерге жылдам жету керек болғанда көлігі жоқ адамдар «әттеген-ай» деп жатады. Енді мұндай мәселенің де шешімі бар. Осы жылдың қыркүйек айында Алматыда Anytime атты автомобильдерді жалға беретін қызмет түрі іске қосылады. Жаңа жобаны іске асыруға Алматы әкімдігі қолдау көрсетіп отыр. Anytime арқылы автомобильді бірнеше минутқа, сағатқа, тіпті, тәулік бойы жалға алуға болады. Жанармай, сақтандыру, техникалық қызмет көрсету мен көлік жуу қызметі тарифтің бағасына кіреді. Сервистің бұл түрін 24 сағат бойы пайдалануға болады. Ол үшін тек ұялы телефондағы арнайы қосымшаны жүктеп алып, тіркеліп қою керек.

Anytime: кез келген жерде, кез келген уақытта қолжетімді автомобиль

Статистика бойынша қала тұрғындары жеке көлігін тәуліктің 4%-ында ғана қолданады екен. Ол жұмыс пен үйдің ортасында, балабақша мен мектеп, дүкен мен қонаққа барғанда ғана қажет. Алайда автомобиль иесі оны техникалық байқаудан өткізуге, сервистік қызмет түрлеріне, салық пен тұраққа, жанармай мен басқа да қызметіне шығынданады. Оның үстіне қалада көліктердің көбеюі экологияға және жол қозғалысының қиындауына әсерін тигізеді. Компания өкілдерінің айтуынша, Anytime қызметінің бір автомобилі қаладағы 8-15 жеке көліктің орнын баса алады.

Әлемнің көптеген елінде бар Anytime каришерингі 2015 жылдан бері мобильді қала саласына инвестиция құюмен айналысатын Микро Капитал Групп компаниясының қолдауымен біздің елімізде де жүзеге асып отыр.

«Автопаркте алғашында жүз Volkswagen Polo автокөлігі болады. Көлікті жалға алу – минутына 19 теңге. Бұл тарифтің ішіне көлікті жалға алу, жанармай, ақылы тұрақ, техникалық қызметтер мен көлік жуу, сақтандыру кіреді. Сервис өз қызметін қыркүйектен бастайды», — деді Anytime компаниясының Қазақстандағы директоры Станислав Грошов.

Автомобильді қалай қолдану керек?

Автомобильді жасы 21-ге толған, жүргізуші куәлігі бар, 2 жылдық тәжірибесі бар кез келген адам мобильді қосымша арқылы жалға ала алады. Ол үшін алдымен смартфонға «Anytime каршеринг Қазақстан» қосымшасын жүктеп алып, жеке куәлік пен жүргізуші куәлігін және банк картасын тіркеу қажет. Мобильді қосымшаның көмегімен жақын жердегі көлікті тауып, көлікке жеткенше 20 минутқа дейін бұғаттап қоюға болады. Бұл кезде көлік басқа қолданушыларға қолжетімсіз болады. Көлікті 20 минутқа бұғаттап қою – тегін.

Автомобильді қалай ашамын? Кез келген қолданушыны осы сұрақ мазалайтыны түсінікті. Автомобильді ашу үшін ешқандай кілт пен пульттің қажеті жоқ. Цифрлық жүйенің арқасында автомобильді мобильді қосымшаның көмегімен ашуға болады. Сәйкесінше, көлікті қолданып болған соң оны кез келген рұқсат етілген тұраққа апарып, мобильді қосымшаның көмегімен жауып кетесіз.

Автомобиьді қолдану үшін ешқандай кепілдің қажеті жоқ. Себебі, компания қызметкерлерінде сіз туралы және сіз жалға алған көлік туралы барлық ақпарат болады.

Компания қолданушыларға «Базалық» және «Ертегі» атты екі түрлі тариф ұсынады. Екеуінде де сағат 06.00-ден 10.00-ге дейін жалға алу құны — минутына 19 теңге. Ал сағат 10.00-ден кейін жалға алу — «Базалық» тариф бойынша минутына 44 теңге, «Ертегі» тарифі бойынша 55 теңге. Екі тарифтің басты айырмашылығы – жол-көлік оқиғасы болған жағдайда жүктейтін жауапкершілігінде. Жол-көлік оқиғасы кезінде «Базалық» тариф бойынша айыппұл мөлшері 200 мың теңгеден артық емес, ал «Ертегі» тарифі бойынша 100 мың теңгеден артық емес мөлшерде төленеді.

Егер автомобильді қолдану кезінде дүкенге немесе басқа жерге тоқтап, көлікті уақытша пайдаланбайтын болсаңыз, бірақ жақын арада қайта көлік керек болатынын білсеңіз және автомобильді басқа қолданушы алып кетпегенін қаласаңыз, оны «Күту режиміне» қоюға болады. «Күту режиміндегі» автомобиль үшін минутына 13 теңге төлеуге тиіссіз.

Сонымен бірге көлікті тәулік бойы жалға алуға да болады. Сәйкесінше, «Базалық тәулік» тарифінің құны — тәулігіне 10 мың теңге, «Ертегі тәулік» тарифінің құны — 13 мың теңге. Ескерте кетейік, тәуліктік тарифтің ережесі бойынша күніне 110 шақырымнан артық жол жүруге болмайды. Егер белгіленген межеден асып кетсеңіз, әр шақырым үшін қосымша 30 теңге төлеуге міндеттелесіз.

Қолданушыларды жиі мазалайтын сұрақтарға жауап

Қауіпсіздік пен сақтандыру, жауапкершілік жағы қалай қарастырылған?

Былтырғы көктемде Қазақстанға Ofo велошерингі келді. Алайда жобаның пилоттық кезеңінде велосипедтердің ұрлануы, жоғалуы, үйіне жасырып ұстайтын тұрғындар түрлі қиындық туғызғаны жасырын емес. Ал Anytime жобасын таныстырушы өкілдердің айтуынша, каршеринг барлығын бақылауда ұстайды. Барлығы бақыланатын жүйе арқылы тексіріліп отырады. Автомобильді ұрлап кету немесе оған зақым келтіру әрекеттері заңмен жазаланады. Алайда осыған дейін әлемнің көптеген елінде тәжірибеден өткен жүйе мұндай жағдайларға жиі тап болмаған. Тіпті көрші Ресейдің өзінде сәтті жүзеге асырылған жобаның қолданушылары көп.

Автомобильде темекі шегуге бола ма?

Автомобильді қолданушыларға салонда темекі шегуге қатаң тыйым салынған. Ережені бұзған жүргізуші әкімшілік құқықбұзушылық әрекеті үшін заңмен жазаланады.

Басқа елдің азаматы Қазақстанға келгенде жүргізуші куәлігімен автомобильді пайдалана ала ма?

Каршеринг әлемнің көп елінде бар. Сондықтан бізге жүргізушінің қай елдің азаматы болғаны маңызды емес. Жүргізуші куәлігі мен жеке куәлігін, компания қызметкерлері көз жеткізу үшін жеке куәлігімен жасаған селфи суретін бізге жолдаған жағдайда 10-15 минуттың ішінде автомобильді жалға алу құқығына ие бола алады.

Жүргізуші жол ережесін бұзған жағдайда айыппұлды кім төлейді және бұл туралы жүргізушіге қалай ескертесіздер?

Жалға алынған автомобильді басқару кезінде жол ережесін бұзған немесе жылдамдықты шамадан тыс арттырған жүргізуге айыппұл салынады. Бірақ алдымен бұл жауапкершілік біздің компанияға келеді. Мобильді бағдарлама немесе электрондық почта арқылы біз көлікті басқарған жүргізуге ескерту жібереміз. Оның картасынан айыппұл автоматты түрде алынбайды. Барлығы келісім бойынша орындалады.

Frost&Sullivan зерттеу компаниясының мәліметінше, каршеринг жобасын белсенді қолданатын қалаларда атмосфедағы көмірқышқыл газының көлемі басқа қалалармен салыстырғанда 15%-ға төмен болады екен. Ал ABI Research сарапшыларының айтуынша, каршерингтің қарқынды дамуының арқасында 2030 жылы әлем бойынша автомобильді жалға алу қызметін қолданушылардың саны 650 миллионға жетеді.