«Туған жер» жобасы: елімізде меценаттар есебінен қанша нысан салынды?

«Туған жер» жобасы жүзеге асырылған уақыттан бері 17 мектеп, 62 балабақша, 36 мәдениет нысаны, 23 денсаулық сақтау нысаны, 169 спорт нысаны, балаларға арналған 32 алаң салынды және 59 мектеп, 26 балабақша, 51 мәдениет нысаны, 43 спорт нысаны, 15 денсаулық сақтау нысаны қалпына келтірілді.

2018 жылдың І жартыжылдығында меценаттардың арқасында 43 нысан бой көтеріп, 1 нысан жаңғыртылды. Республика бойынша жаңа инфрақұрылымдық нысандар іске қосылып, олардың жұмыс істеп тұрғандарына жөндеу жасалды.
Ақмола облысында меценаттардың есебінен жас мамандарға арналған 2 үй салынып, 32 пәтерлі үш тұрғын үй, 3 мектепке дейінгі мекеме және 10 мектеп, 2 денсаулық сақтау нысаны жаңғыртылды және қалпына келтірілді, 2 ауылдық округ үшін жедел жәрдем автомобильдері сатып алынды, 5 мәдениет нысаны мен 9 спорт нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Қорғалжын мемлекеттік қорығының аумағында орнитология орталығы құрылды.

Ақтөбе облысында неке қию сарайы, «Аналарға тағзым» атты Қазақстандағы тұңғыш рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығы, Балаларға арналған шығармашылық академиясы, «Жұбановтар әлемі» өнер орталығы, Ойыл аулындағы «Мейірім» әлеуметтік үйі, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы салған 1 200 орындық концерт залы бар өнер орталығы, Ақтөбедегі хоккей спорт-жаттықтыру кешені және облыс бойынша тағы басқа 11 спорт нысаны, жыл бойы жұмыс істейтін балалар лагері, жазғы аквапарк, 4 балабақша, дәрігерлік пункт және 6 мәдени нысан пайдалануға берілді.

Меценаттардың қаражаты есебінен Ақтөбеде облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылысы да басталды. Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен өңірдегі бірқатар мектепке, ауыл клубары мен басқа да әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жасалды және әлеуметтің әлжуаз топтарына жататын азаматтарға түрлі мереке кезінде көмек көрсетілді.

Алматы облысында «Рухани жаңғыру» мамандандырылған орталығының ғимараты, Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығы, «Батыр бабалар» музейі, халықтың әлеуметтік әлжуаз тобына арналған 37 үй, жылыжай кешені, 3 балабақша (120, 100 және 65 орынға арналған), түрлі спорттық және білім беру нысаны мен жолдар салынды. Сонымен қатар Еңбекші ауданында қосымша білім беру орталығының құрылысы, Айтөбе ауылдық округінде мектеп құрылысы жүріп жатыр.

Атырау облысында 6 балабақша, балаларға арналған 4 спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді, мәдениет және ардагерлер үйлері, «Атамекен» және «Жеңіс» парктері, «Ырысты» спорт кешені және тағы басқа нысандар ашылды. «Адай-Ата» тарихи мазарлар кешеніне көлік жолы төселді.

Шығыс Қазақстан облысында оңалту орталығының, Өскеменде «Нұрлы жол» демалыс паркінің, 3 спорттық модульдің құрылысына қаржы бөлінді, жалпы саны 14 балабақша салынды және қалпына келтірілді, 2 денсаулық сақтау мекемесі қажетті керек-жарақпен жабдықталды. «Менің мектебім» жобасы аясында меценаттар Назарбаев зияткерлік мектебі стандарты бойынша 277 толық жинақты мектеп жасақталып жатыр.

Семейде жалпы аумағы 5 мың шаршы метр болатын №1 «Восток» стадионы салынды. Оның ішінде, FIFA стандартына сай жасанды көгалды футбол алаңы, шеңбер бойынша 450 метрлік жүгіру жолы бар.

Жамбыл облысында аз қамтылған отбасыларға арналған 9 үй, 7 спорт алаңы салынды және пайдалануға берілді, аудандық маңызы бар жолдардың жекелеген учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына арналған интернат салынды және алдағы уақытта Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне берілетін музей ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Батыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» музейі, 13 балалар алаңы, 16 спорт нысаны, ауыл клубы, фельдшерлік пункт, балабақша, Шыңғырлау өзені арқылы өтетін көпір салынды және демалыс саябағына қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Меценаттар қаражаты есебінен Ақсуат аулының орталық жолының жөндеу жұмыстары және Жанғала ауданының Бөрік аулында ауыл клубы салынды, сонымен бірге Махамбет ауылындағы спорт стадионы мен БҚО-ның бірқатар елді мекеніндегі басқа да 25 спорт нысанының құрылысына қаржы бөлінді.

Қарағанды облысында «Туған жер» аула клубы бар спорт кешені салынды, 5 балабақша аумағы абаттандырылды, 5 тұрғын үйдің алдыңғы беті жөнделіп, жас туристер станциясы салынды, ауруханаға жөндеу жасалып, жабдықтар ауыстырылды, дәрігерлік құрамға қосымша төлемдер қаржыландырылды.

Қостанай облысында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы 100-ден аса мекеме жөнделді, 61 әлеуметтік нысанның материалдық-техникалық базасы жақсартылды, балалар мен ересектерге арналған 18 спорт алаңы, өлкетану музейі ашылды. Облыстың 8 ауданындағы мектептерде цифрлық технологиялар кабинеті ашылды.

Қызылорда облысында дәрігерлік пункт, жылыжай кешені, Қызылорда облысында заманауи рухани жаңару орталығы, «Аналар аллеясы», «Ардагерлер аллеясы», «Тағзым» алаңы салынды. «Мектебіме тағзым» акциясы аясында облыстағы 60 мектепте 44 миллион теңгеге спорт алаңдары салынып, кабинеттер жасақталды.

Маңғыстау облысында Жаңаөзендегі гемодиализ орталығы, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға арналған 500 орындық жатақхана, сонымен бірге демалыс паркі мен басқа да спорт нысандары ашылды.

Павлодар облысында студенттер жатақханасы мен балабақша салынып, 17 ауыл клубы жөнделді, ірі мультимедиалық музей кешені, 1200 орынға арналған концерт холл, жеңіл атлетика және футбол манежі, мұз аренасы, 50 метрлік жүзу бассейні және Олимпиада резервін дайындау орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысында 30 білім беру мекемесі мен 12 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жүргізілді, әлеуметтік көмек саласында 5, спорт саласында 9, денсаулық сақтау саласында 4 жоба іске асырылды.

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Шымкентте рухани даму орталығы ашылып, Кентауда және Қазығұрт ауданында балабақша салынып жатыр, халықаралық теннис орталығы, бокс залы ашылды. «Ажарлы үй ырысты», «Табиғат – тіршілік нәрі» жобалары іске қосылып, аудандар мен қалаларда өткізілген «Тал күні» акциясы аясында 12 мың адамның қатысуымен 47,5 мың ағаш отырғызылды.

Алматыда емхана, мектеп-гимназия, 4 балабақша, жеңіл атлетика стадионы, балаларға арналған спорт және велосипед алаңдары ашылды, көппәтерлі 4 тұрғын үйдің алдыңғы аумағына жөндеу жүргізілді, 3 саябақ жаңғыртылып, Боралдай сақ қорғаны паркі аумағында сақ дәуірінің қалпына келтірілген ғимараты ашылды, 2 мектеп салынып, пайдалануға берілді.

Астанада заманауи экомешіт салынды, «Астана триатлон паркі», «Нұрал» спорт мектебі және мектептегі жабық футбол алаңы салынды.

ДереккөзBaq.kz